Алматыда бұқаралық спортты дамытуға, аула бастамаларын қолдауға, қала тұрғындарын спорт пен белсенді өмір салтына кеңінен тартуға бағытталған «Спорт – Достық алаңы» қалалық жобасын жүзеге асыру жалғасып жатыр.
Жоба түрлі алаңды қамтып, флешмоб, турнир, отбасылық жарыс пен әлеуметтік-спорттық іс-шараларды біріктіреді. Бұл туралы Алматы қаласының Спорт басқармасының өкілдері айтты, - деп хабарлайды Aqshamnews.kz.

Өткен демалыс күндері іс-шара бірнеше ауданда бір уақытта ұйымдастырылды. Медеу ауданында жоба аясында және «Таза Қазақстан» республикалық акциясымен бірлесіп ірі спорттық флешмоб өтті. Жастар, оқушылар, студенттер, ардагерлер мен еріктілер – жалпы саны 700-ден астам қала тұрғыны спорттық ойындарға, би флешмобтарына және белсенді бағдарламаға қатысып, іс-шара ерекше атмосферада өтті.
Алмалы ауданында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқандар арасында волейбол турнирі өтті. Бес команда эмоцияға толы кездесу өткізіп, жеңімпаздарға кубок, медаль және алғыс хат табыс етілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер ұрпақ сабақтастығын нығайтып, жастардың спортқа деген жылы шырайын қалыптастырады.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Ганди атындағы саябақта отбасылық спорт эстафетасы өтті. Ата-аналар мен балалар бір команда болып өнер көрсетіп, ұйымшылдық пен командалық рух танытты. Жарыста Асқаровтар отбасы жеңімпаз атанды. Барлық қатысушыға алғыс хат пен естелік сыйлық берілді.
Әуезов ауданында асық ату, дартс, шахмат, арқан тартыс және волейбол ойындарын қамтыған кең көлемді спартакиада ұйымдастырылды. Іс-шара тұрғындар арасындағы достықты нығайтып, жағымды спорттық көңіл-күй қалыптастыруға ықпал етті.
Алатау ауданының, Нұркент шағынауданында ашық футбол жаттығуы өтті. Кәсіби жаттықтырушылар флешмоб өткізіп, ойын элементтерін үйретіп, командалық тапсырмалар ұйымдастырды. Бұл жасөспірімдерді белсенді демалыс пен салауатты өмір салтына тартуға мүмкіндік берді.
«Спорт – Достық алаңы» жобасы әр аудан тұрғындарын біріктіріп, уақытты тиімді өткізуге, дене шынықтыруға және спорттық мәдениетті қалыптастыруға жағдай жасайды. Бағдарлама жас алматылықтардың бойына сенімділік, тәртіп, шыдамдылық және дәстүрге құрмет сезімін дарытады», – деді қалалық Спорт басқармасының өкілдері.