Туынды қоғамдағы ең нәзік әрі өзекті тақырыптардың бірі – ұстаз, ата-ана және бала арасындағы байланысты арқау етеді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Нақтырақ айтсақ, оқушылардың өзара қарым-қатынасы, олардың мектеп табалдырығындағы күнделікті тыныс-тіршілігі арқылы адами құндылықты, педагог мәртебесін және аға буынның ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілігін көрсетеді.
Алматылық көрермен назарына ұсынылған драманың авторы – Қолғанат Мұрат, қоюшы режиссері – Данияр Базарқұлов.
Театрдың көркемдік жетекшісі Салтанат Мақсұтқызының айтуынша, бұл туындыны таңдау тақырыптың өзектілігіне байланысты болған.
«Бүгінде мұғалімдерге тым көп міндет артылып, ата-аналар да барлық жауапкершілікті мектепке жүктеп қоятыны жасырын емес. Біз қоғамға ұстаздың «барлық мамандықтың анасы» екенін жеткізгіміз келді. Себебі ол бала өміріне кішкентай кезінен араласып, екінші ата-ана рөлін атқарады. Сондай-ақ мақсатымыз – педагог мәртебесін көтеру. Кейбір ата-аналар мен балалары арасындағы үзіліп қалған көзге көрінбейтін жіпті, байланысты жалғау. Спектакльде екеуара болған жан тебірентерлік әңгімелердің маңызын көрсете отырып, терең философиялық мәселелер қозғалады», – дейді театрдың көркемдік жетекшісі.
Иә, ата-ана мен мұғалімнің өзара түсіністігі – бала болашағының іргетасы. Туынды көрерменін бүгінгі қоғамның ащы шындығымен бетпе-бет әкеле отырып, маңызды сұрақтарға жауап іздеуге шақырады.
Спектакльдің қоюшы режиссері Данияр Базарқұлов бұл қойылымда мұғалімнің қоғамдағы бейнесін тек білім беруші емес, тұлға қалыптастырушы ретінде ашуға ұмтылған.
«Бұл туынды тек мамандық туралы емес, ең алдымен адамгершілік, жасөспірімдердің жан дүниесі, олардың көбіне еленбей, тыңдалмай қалатыны туралы. Қойылымда ата-ананың баласына таңатын армандары мен ұрпақ арасындағы қайшылықтар көрсетіледі», – дейді режиссер.
Спектакльдің шарықтау шегі – үнемі жұмысбасты болып жүретін ата-ана мен өмірге деген өкпесі де, асқақ арманы да бар, тіпті түсінбейтін сұрағы көп баланың бір-бірімен жеке қалып ашық сөйлесіп, бір-біріне жанайқайын жеткізіп, сол арқылы көңілдегі кірді жуып, түсініскені. Көрерменнің де ұзақ қол соққан, қошамет білдірген тұсы осы болды.
Демек, ата-анаға барлық жауапкершілікті мектепке, мұғалімге артып қоймай, өз баласымен ашық диалог құра білуі маңызды. Ұстаз – бала – ата-ана: осы үштік біріккенде ғана сапалы, саналы ұрпақ тәрбиелейміз. Асанәлі Әшімов театры осыны өнер, сахна тілімен жеткізе білді.
Нұржамал ӘЛІШ