Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы балет өнерінің тілімен жаңаша пайымдалады, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
12–13 қыркүйек күндері Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 93-ші театр маусымын «АҚБАЛА» ұлттық балетінің премьерасымен ашады.
«Қан мен тер» трилогиясының желісі бойынша қойылған «АҚБАЛА» ұлттық балетінің премьерасы отандық хореография өнерінің заңғар тұлғалары, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртістері – сахна саңлағы, белгілі педагог-репетитор, «Тарлан» сыйлығының лауреаты Людмила Георгиевна Рудакованың (1937–2026) және көрнекті балет әртісі әрі ұстаз Эдуард Джабашұлы Мальбековтің (1941–2026) жарқын рухына бағышталады.
Абай атындағы театр тарихында тұңғыш рет Әбдіжәміл Нұрпейісовтің аңызға айналған «Қан мен тер» трилогиясы заманауи балет өнерінің тілімен сахналық тұрғыда жаңаша пайымдалады.
Қойылымның өзегінде – күрделі тарихи өзгерістер аясындағы адам тағдыры. Әсіресе әйелдің тағдырына, оның махаббатына, үмітіне, жан жарасына, таңдауы мен ішкі арпалысына айрықша мән беріледі. Мұнда сөздің орнын қимыл басып, кейіпкерлердің сезімі пластика, ишара, көзқарас пен музыка арқылы көрініс табады.
«АҚБАЛА» – тарихи кезеңнің аласапыранына тап болған адамдардың тағдырын, Арал өңірінің қасіретін, махаббат пен аналық сезімді, адам мен заман арасындағы күрделі байланысты арқау ететін ауқымды сахналық шығарма.
Қойылым арқылы шығармашылық топ қазақ әдебиетінің көрнекті туындысын хореография өнерінің тілімен жаңаша пайымдап, кейіпкерлердің ішкі әлемін, жан толғанысын, жоғалтулары мен үмітін сахналық пластика арқылы жеткізеді.
Қойылымда Арал қасіретінің тақырыбына да айрықша мән беріледі. Теңіз, ана болу, қираған шаңырақ және біртіндеп жоғалып бара жатқан өмір бейнелері спектакльдің маңызды символдарына айналып, жеке кейіпкерлердің тағдырын тұтас бір дәуірдің драмасымен сабақтастыратын көпқабатты сахналық әлем қалыптастырады.
«АҚБАЛА» қойылымы мәдени мұраны сақтап қана қоймай, оны жаңа көркемдік тілде қайта пайымдау дәстүрінің жалғасы. Спектакль тарих пен бүгінгі күннің арасындағы көпірге айналып, адам, әйел тағдыры және уақыт туралы ойды XXI ғасыр көрерменіне хореография тілі арқылы ұсынады.
Қойылымның шығармашылық тобы:
Композитор: Аружан Октябрь
Хореограф-қоюшы: Аршак Галумян (Германия)
Дирижер-қоюшы: Нұржан Байбусинов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Либретто авторы: Шынар Омарова
Бас хормейстер: Әлия Темірбекова, Қазақстанныңеңбек сіңірген қайраткері
Сценограф: Элеонора Перонетти (Италия)
Хореограф ассистенті: Томас Клейн (Германия)
Жарық суретшісі: Татьяна Мишина (Ресей)
Костюм суретшісі: Азиза Саимова
Балет труппасының көркемдік жетекшісі:Гүлжан Түткебаева, Қазақстанның халық әртісі
«АҚБАЛА» – махаббат, ана мен бала, адам тағдыры мен уақыттың адам өмірін қалай өзгертетіні туралы жаңа сахналық тарих.