Алматыда 2-11 тамыз аралығында Халықаралық жастар күніне орай ALMA LOVE 2026 қалалық жастар фестивалі өтеді. Фестиваль аясында қаланың әртүрлі аудандарында білім беру, шығармашылық, спорт, экология және еріктілік бағытындағы іс-шаралар ұйымдастырылады. Оған кемінде 20 мың адамның қатыспақ. Бұл туралы фестиваль ұйымдастырушысы Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының өкілдері айтты.
Биылғы ALMA LOVE фестивалі «Қала сенен басталады. Город начинается с тебя» атауымен өтеді. Фестивальдің негізгі идеясы – жастардың қаланың дамуына жеке жауапкершілігін арттыру, қоршаған орта мен қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау, заңды құрметтеу және қоғамдық маңызы бар бастамаларға белсенді қатысу мәдениетін қалыптастыру.
«ALMA LOVE 2026 аясында қоршаған ортаға және қоғамдық ресурстарға жауапкершілікпен қарауға, үнемшілдік қағидаттарын насихаттауға, жасампаздық мәдениетін, өзара сыйластық пен белсенді азаматтық ұстанымды дамытуға ерекше назар аударылады», – деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.
Фестиваль EcoVibe экологиялық челленджімен басталады. Оның қатысушылары аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді көріктендіру жұмыстарына атсалысады. Комьюнити орталықтарда қаржылық сауаттылық, саналы тұтыну, экология және азаматтық белсенділік тақырыптарына арналған LEVEL UP білім беру ойындары өтеді. Ал Арбатта Avenue Talent жобасы аясында жас музыканттар, ақындар мен орындаушыларға арналған ашық сахна ұйымдастырылады.
![]()
Фестивальдің негізгі іс-шараларының бірі ALMA LOVE Talks форумы. Оған жас кәсіпкерлер, ғалымдар, спортшылар, қоғам қайраткерлері қатысып, тәжірибесін бөлісіп, жүзеге асырған жобалары туралы әңгімелейді.
Бағдарлама аясында Сайран жағалауында ашық аспан астындағы кино көрсетілімі, JasAlmaty Cup – 2026 футбол турнирі, Youth Nomads ұлттық ойындар фестивалі, «Жағалаудағы Абай» жобасы және «UNICEF Жастар форумы - 2026» халықаралық форумы да өтеді.
Фестиваль 11 тамызда «Шабыт» жазғы амфитеатрындағы мерекелік концертпен қорытындыланады. Концерт барысында танымал өнерпаздар өнер көрсетіп, белсенді жастарды марапаттау рәсімі жоспарланған. Кештің басты қонағы – Айқын Төлепберген.