Алматыда адам құқығын қорғауға қатысты семинар-тренингтер өтті

  • 10:56, 02 маусым 2025
Алматыда адам құқығын қорғауға қатысты семинар-тренингтер өтті Сурет ЖИ

3 маусымда ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Астанадағы Бағдарламалар Офисінің, Орталық Азиядағы Шекараларды басқаруға жәрдемдесу бағдарламасының (БОМКА) және Алматы қаласы әкімдігінің  қатысуымен мемлекеттік қызметшілерге, ҮЕҰ өкілдеріне және Алматы қаласының жұртшылығына арнап «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері» тақырыбында оқыту семинар-тренингін өткізді.

Семинар-тренингке Алматы қаласының жергілікті құқық қорғау және сот органдарының, халықты әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет мекемелерінің басшылары мен қызметкерлері, сондай-ақ адвокатура институтының, азаматтық қоғам және жастар ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттары қатысты.

Семинар-тренинг тыңдаушыларының алдында Алматы қаласы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішев, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы Бағдарламалар Офисі Басшысының міндетін атқарушы Юрий Фенопетов мырза және Орталық Азиядағы Шекараларды басқаруға жәрдемдесу бағдарламасының (БОМКА) өңірлік менеджері Марис Доминьш мырза құттықтау сөз сөйледі.

Семинар-тренингте Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық жүйесі зерделенді. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық мекемелердің сот және құқық қорғау органдарымен, басқа да мемлекеттік органдармен, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен және азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл тетіктері қаралды.

Семинарда Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ Қазақстан аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын өзге де адамдардың азаматтық, еңбек, әлеуметтік-экономикалық және мәдени құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері қаралды. Тыңдаушылар азаматтардың өз құқықтарын сотта және соттан тыс қорғау, азаптаулардан және қатыгездік пен жазаның басқа түрлерінен, кемсітушіліктен еркін болу, білікті заң көмегін алу конституциялық құқықтарын іске асыру тетіктерімен танысты. 

Тыңдаушылар сондай-ақ азаматтар мен өзге де адамдардың ақпарат алуға, білім алуға, әлеуметтік қызмет көрсетуге, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға конституциялық құқықтарын іске асыру тетіктерімен, сондай-ақ қоғамдағы ықтимал еңбек және әлеуметтік жанжалдардың алдын алу және шешу тетіктерімен танысты. 

Бұдан басқа, семинарда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа және адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы адам құқықтарын, сондай-ақ әйелдер мен балалардың, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері талқыланды.

Комиссия мүшелері Т.Әбішев, С.Жаркенова, З.Байсақова және   Ш.Хасанова  тыңдаушыларға адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары, сондай-ақ азаматтардың мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттері туралы нақты мысалдармен айтып берді. 

Мәселен, Комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішев өз сөзінде жергілікті халықтың адам құқықтары мен бостандықтары, адам құқықтарын қорғаудың сот және соттан тыс тетіктері, Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке шағымдары мен хабарламаларын қараудағы БҰҰ-ның шарттық органдары қызметтерінің негізгі қағидаттары туралы хабардар болу деңгейін арттыру, сондай-ақ қоғамның барлық топтарының құқықтық мәдениет деңгейін арттыру үшін Қазақстанның өңірлерінде адам құқықтары жөніндегі оқыту семинар-тренингтерінің маңыздылығын атап өтті.

Бұдан әрі Комиссия төрағасының орынбасары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың заңның үстемдігіне және қазақстандық қоғамда құқықтық мәдениетті орнатуға, Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелері аясында азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтауға маңызды мән беретінін ерекше атап өтті.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы Бағдарламалар Офисі Басшысының міндетін атқарушы Юрий Фенопетов мырза өз сөзінде Қазақстанның шалғай аудандары мен ауылдарын қамтитын Адам құқықтары жөніндегі комиссия мен ЕҚЫҰ-ның бірлескен оқыту семинар-тренингтерінің бірегейлігін атап өтті.

Семинар-тренинг барысында тыңдаушылар Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары саласындағы шарттық органдарының бақылау функцияларымен, БҰҰ құрған бақылау органдарының құзыретімен танысты, БҰҰ тиісті комитеттерінде азаматтардың жеке шағымдарын қарау тетіктерін талқылады.

Семинар-тренинг барысында қатысушылар адам құқықтарын қорғау және көтермелеу саласында тәжірибе алмасты. Комиссия мүшелері тыңдаушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:13

18:41

18:14

17:48

17:36

17:21

17:10

17:04

17:00

16:45

16:26

16:06

15:46

15:38

15:33

15:33

14:57

14:42

14:05

12:51

12:44

12:37

12:22

12:17

12:11