1 қыркүйек – Білім күніне орай Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты Орталықтандырылған кітапхана жүйесі дәстүрлі «Бірінші сынып оқушыларына – кітапханадан сыйлық» акциясын өткізді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Биыл акция аясында Алматының сегіз ауданындағы 22 мектептің 3 мыңнан астам бірінші сынып оқушысына балалар кітаптары жинақталған арнайы сыйлық топтамалары табысталды.
Акцияның мақсаты – балалардың мектептегі алғашқы күнін ерекше қуанышқа бөлеу, оларды кітапхана әлемімен таныстыру және ерте жастан кітап оқуға деген қызығушылығын қалыптастыру.
«Баланың мектептегі алғашқы қадамы кітаппен басталса, оның білімге, оқуға және ізденуге деген қызығушылығын қалыптастыруға оң әсер етеді. Біз әр баланың кітаппен достығы ерте жастан басталғанын қалаймыз», – деді Қазақстан жазушылары кітапханасының жетекшісі Мақпал Мұхаммедова акцияның маңыздылығын атап өтіп.
Акцияны ұйымдастыруға серіктестер де зор қолдау көрсетті. Балаларға арналған мерекені ерекше өткізуге «Атамұра», «Steppe world», «Ол-Жас», «Kazformoms», «Астана-кітап», «Мектеп», «Ана тілі», «Арман-ПВ», «Alqa publishing» баспалары, «KitapAl» және «Ziyat» кітап дүкендері, Қазақстан Жазушылар одағы, сондай-ақ Баян Болатханова, Ділдар Мамырбаева, Сәуле Досжан, Бейбіт Сарыбай, Ильяс Юсуф, Қанат Қайым, Ермахан Шайхы сынды авторлар мен белгілі кәсіпкер Шатырхан Керімбек қолдау көрсетті.
Акция балаларды кітап оқуға баулып, оқу мәдениетін қалыптастыруға және мектептегі алғашқы күннен бастап кітаппен дос болуға бағытталған.