Алматы Қазақстандағы инвестиция тарту бойынша ең тартымды өңірлердің бірі ретіндегі мәртебесін сақтап келеді. Бұған қаланың жоғары кадрлық әлеуеті, дамыған инфрақұрылымы, кең тұтыну нарығы және бизнес жүргізуге қолайлы жағдай ықпал етіп отыр, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы өкілдерінің мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,021 трлн теңгеге жетті. Инвестицияның нақты көлем индексі 104,6% болып, мегаполистегі инвестициялық белсенділіктің тұрақты өсімін көрсетті.
Инвестициялардың негізгі бөлігі ішкі капитал. Оның көлемі 870 млрд теңгеге жетсе, сыртқы инвестиция 151,5 млрд теңге болды. Сыртқы инвестицияның өсім қарқыны 112,9%-ға жетті.
Ең көп қаржы жылжымайтын мүлік, көлік және қоймалау, цифрлық технологиялар мен энергетика салаларына бағытталды. Атап айтқанда, жылжымайтын мүлік секторына 299 млрд теңге, көлік және қоймалау саласына 172,6 млрд теңге, ақпарат және байланыс бағытына 143,8 млрд теңге, ал энергетика жобаларына 93,9 млрд теңге инвестиция салынды.
Әсіресе, инвесторлар ең көп қызығушылық танытып отырған салалар қатарында жылжымайтын мүлік, логистика, цифрлық экономика және энергетика бар. Биыл алғашқы жартыжылдықта жылжымайтын мүлік секторына 299 млрд теңге, көлік және қойма саласына 172,6 млрд теңге (16,9%), ақпарат және байланыс бағытына 143,8 млрд теңге (14,1%) инвестиция салынды.
Сонымен қатар электр қуатымен, газбен, бумен, ыстық сумен жабдықтау және ауа баптау жүйелері жобаларына 93,9 млрд теңге инвестиция бағытталды.
Сонымен қатар 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2,1 млрд АҚШ долларына жетті. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің деректеріне сәйкес, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 32,1%-ға төмендеген.
Соған қарамастан Алматы инвестициялық белсенділіктің жоғары деңгейін сақтап, еліміздегі капитал тартудың негізгі орталықтарының бірі болып қала береді. Биыл қалада жалпы құны 542,8 млрд теңге болатын 35 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Жаңа жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірістік инфрақұрылымды дамытуға және мегаполис экономикасын одан әрі әртараптандыруға ықпал етеді.
Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы өкілдерінің мәліметінше, инвестициялық бастамаларды іске асыру Алматының Қазақстанның ең ірі іскерлік және экономикалық орталығы ретіндегі позициясын одан әрі нығайтып, өңірлік және халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.