ffin.kz

Алматы су спортынан Азиялық хабқа айнала алады

Алматы су спортынан Азиялық хабқа айнала алады Суретті түсірген - С.Құсайынов

Алматыда еліміздегі мәнерлеп жүзу спортының басты мәселелері мен болашағы талқыланды. Әртістік жүзу федерациясының Алматы қаласындағы өкілдігі баспасөз мәслихатын ұйымдастырды.

Әртістік жүзу федерациясының Алматы қаласы бойынша президенті Әлия Закария мәнерлеп жүзу спортын дамыту үшін қажетті инфрақұрылымның жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, қаладағы бассейндердің көпшілігі кәсіби спорттың стандарттарына сәйкес келмейді. Ал сәйкес келетіндері коммерциялық пайда үшін қолданылады.

– Тек бізде ғана емес, барлық спорт түрлеріндегі басты мәселе – қажетті инфрақұрылымның болмауы. Мәнерлеп жүзу үшін тереңдігі кем дегенде 3,5 метр болатын бассейндер қажет. Өкінішке қарай, елімізде халықаралық стандартқа сәйкес келетін, әлемдік дәрежедегі жарыстарды өткізуге болатын бірде-бір бассейн жоқ. Біздің зерттеуіміз бойынша Алматыда 57 бассейн бар, оның 6-ауы ғана әлемдiк жаттығу стандарттарына сәйкес және тек 3-еуi ғана жарыстар өткiзуге лайық. Бірақ оның өзінде туындайтын мәселе бар – бұл бассейндердің көпшілігі кеңестік кезеңде жеке иелікке өтіп кеткен. Сондықтан айтылған объектілердің басым бөлігі фитнес саласына қолданылады. Ал біз жаттығу кезінде музыка қосамыз, әртүрлі іс-қимылдар болады, ол өзге адамдарға ыңғайсыздық тудыруы мүмкін. Осы себепті, бізде барлық жерде жылы шыраймен қабылдай бермейді. Мұның өзі біз үшін үлкен мәселе, – деді ол.

Сондай-ақ, Әлия Закария мәнерлер жүзу «Даму бала» бағдарламасына кірмейтіндіктен, оның балалар арасында жаппай тарауына мүмкіндік болмай тұрғанын атап өтті.

Ал әртістік жүзу федерациясының Алматы қаласы бойынша вице-президенті Әсел Орынбасарова мәнерлеп жүзу бойынша білікті төрешілердің аз екенін айтты. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Азия өңірінде төрешілерді дайындайтын мықты хаб жоқ және бұл мүмкіндікті Қазақстан пайдалануы қажет.

– Қазақстанда төрешілерді дайындаудың тиімді жүйесі жоқ. Мәнерлеп жүзуде төрешілердің жетіспеушілігі тіпті қатты білінеді. Кей жарыстарда бапкерлердің өздеріне төрешілік етуге тура келеді. Бірақ мұндай жарыстарда әділ баға беріле бермейді. Жалпы айтқанда, төрешілерді кәсіби түрде дайындайтын ортақ бағдарлама жоқ. Біз қолымыздан келгенше оқыту курстарын, біліктілікті арттыру курстарын өткізіп жатырмыз. Қазір төрешілік бойынша әлемде АҚШ пен Еуропа елдерінің басымдылығы байқалады. Жақында әртістік жүзуден Азия өңірінің басшысы осы өңірден шыққан төрешілердің аз екеніне алаңдаушылық білдірді. Егер біз халықаралық жарыстарда тең дәрежеде қатысып, жоғары орындардан көрінгіміз келсе, бізге білікті төрешілер тобы керек. Азияда төрешілерді дайындайтын орталық жоқ, біз сондай хабқа айнала аламыз. Сондықтан бұл мәселеге мемлекет тарапынан көңіл бөлінгені дұрыс, – деді Әсел Орынбасарова.

Баспасөз мәслихатының соңында Алматы қаласы бойынша мәнерлеп жүзуден аға жаттықтырушы Әйгерім Исаева спортшыларды дайындайтын бапкерлердің жетіспеушілігіне тоқталды. Жаттықтырушының айтуынша, осы салада спорттық мансабын аяқтаған спортшылар бапкерлікке бармайды. Оның себебі – жалақының аз болуы. Әйгерім Исаева бапкер бола алатын спортшылар көбіне жалақысы жоғары фитнес орталықтарда жұмыс істеуді таңдайтынын атап өтті.

«Қазақстандағы әртістік жүзу – бұл жай ғана спорт емес, ол кедергілерді еңсеріп, дамуға апаратын жол. Біздің мақсатымыз – әркімнің осы эстетикалық спорт түріндегі өз әлеуетін ашуы және әлемдік турнирлерде елімізге атақ әкелуі үшін жаттығулардың қолжетімдігі мен сапасын қамтамасыз ету. Біз қоғамның, мемлекеттің және спорттық қауымның бірлескен күш-жігерімен спорттың осы түрін дамытып, халықаралық аренада жаңа биіктерге қол жеткізе алатынымызға сенеміз», – деп қорытындылады Әртістік жүзу федерациясының Алматы қаласы бойынша президенті Әлия Закария.

Айта кеткен жөн, еліміздегі мәнерлеп жүзу спортының негізі 1984 жылы қаланған. Осы жылы Алматы қаласының №20 БЖСМ директоры Гари Корноухов Украинадан жаттықтырушылар жұбы – Лидия Подгурская мен Владимир Кузнецовты жұмысқа шақырған. Оларға Қазақстанда мәнерлеп жүзуден команда құру үшін 4 жыл жұмыс қажет болды. Ал 1988 жылы КСРО чемпионатында Қазақстан командасы алғаш рет өз бағдарламасын көрсетті. Чемпионаттан кейін Қазақстан құрамасының төрт спортшысы резервке алынса, ал егіз Башкаевтар КСРО құрамасының негізгі құрамына кірді.

 

Тақырыпқа орай


Әзиз ТАСТАЕВ, тележурналист:

Балаларымызды су спортына неге бермейміз?

Бірде «Родничковое плавание» деген хабарды түсіруге шақырды. Алғашында «бұл спорттың қай түрі екен?» деп қатты таңқалдым. Әрі маған қызық көрінді. Сөйтсем, бұл шараға бір жастағы баладан бастап, 3 жасқа дейінгі балалар қатысады екен. Су астына түрлі ойыншықтар тастап, арнайы кедергілер орнатылған бассейнмен жүзіп өтіп, керекті ойыншықтарды алып шығады. Бұл да жарыс қой. Жарыс болғанда қандай, бізге таңсық жарыс. Алайда, сол жарысқа қатысушылардың бәрі өзге ұлт өкілдері болды. Судың адам денсаулығына қаншалықты пайдалы екенін бәріміз білеміз. Біле тұра, неге шет қаламыз?  Осындай жарысқа біздің балалар да қатысып жатса, ұлтымыздың денсаулығы одан жақсара түспей ме? Спорт саласында жүргенде түйгенім, балаларымызды су спортына, суға жүзуге неге бермейміз? Әлем чемпионы болмаса да, ең болмаса суда жүзуді үйренер еді ғой. Есесіне, біз көбіне балаларымызды күрес пен боксқа береміз.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:43

17:13

17:12

16:43

16:09

15:49

15:10

14:44

14:14

13:43

13:13

12:44

12:12

11:41

11:11

10:43

10:36

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55