Алматы облысында 3 бірдей сәбиінен айырылған отбасы әділдік сұрайды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Қарасай аудандық ауруханасы мәліметінше, жүктіліктің 25-аптасында науқастың толғағы басталып, қағанақ суы кеткен күйде жеткізілген. Ал қара жамылған жанұя мүшелерінің сөзінше, босануға барған әйелге Қарасай аудандық перзентханасының мамандары дұрыс ем-дом тағайындамаған.
Айдана Оразбаеваның жүктілігі 6 ай бойы қалыпты өткен. 18-іне қараған түні әйелдің суы кетіп, толғақ қысқан. Жолдасы бірден әйелін бақылауда тұрған Жамбыл аудандық ауруханасына апарған. Бірақ ондағы мамандар жүкті әйелді Қаскелеңдегі перзентханаға жіберген. Осылайша 18-і таңғы сағат 7:00-де үшем дүние келіпті. Алайда бірнеше сағат өткен соң егіз сәби көз жұмған.
"Негізі қалада кесарь тілігін жасату керек едік. Алайда шұғыл жағдай болды. Бірақ ұлым қалаға жіберуін сұраған. Олар "шақалақтар өте кішкентай табиғи жолмен босандырып аламыз" деген. "Босанғанда егіз бірінен кейін бірі шетінеп кетті" деді. Оны да өзімізге емес, келінге айтқан", - деді әйелдің енесі Гүлжамилә Төлешова.
Олардың айтуынша, шетінеп кеткен нәрестелерді жерлеп келген соң перзентханаға қайта барып, үшінші сәбидің жағдайын сұрағанда, тосын хабар алған.
"Баламның жағдайын білейін деп педиатрға хабарласқан. Дәрігер "сен қай балаңа келіп тұрсың, үш балаң да таңертең өліп қалған" депті", - деді әйелдің қайын әпкесі Жазира Төлешова.
Ал Қарасай аудандық ауруханасы мәліметінше, жүктіліктің 25-аптасында әйелдің толғағы басталып, қағанақ суы кеткен. Осыған байланысты оны басқа медициналық ұйымға ауыстыру мүмкін болмапты. Әйел мен нәрестелердің өміріне қауіп жоғары болғандықтан, шұғыл түрде босандыру туралы шешім қабылданған.
"Жүктіліктің 25-аптасында үшеммен босану - аса ауыр, шұғыл медициналық көмекті талап ететін жағдай. Осыған байланысты жүкті әйел стационарға жатқызылды. Сағат 07:00-де нәрестелер дүниеге келді, салмағы өте аз болды. Мұндай жағдайда өмірлік маңызды ағзалар, әсіресе, өкпе мен орталық жүйке жүйесі толық қалыптасып үлгермейді. Қазір көрсетілген медициналық көмектің сапасына ішкі аудит жүргізіліп жатыр", - деді "Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасы" ШЖҚ МКК баспасөз қызметі өкілі.
Қайғылы оқиғадан кейін отбасы құқық қорғау органдарына арыз жазған. Қазір олар үшінші нәрестенің денесін әлі алмаған.