Кеше Чех жерінде біздің Алматы тарихи музейінің көрмесі ашылды. Алматы қаласы әкімдігінің және Қазақстан Республикасының Чех республикасындағы Елшілігі, Прага қаласының мэриясы мен Прага қаласы музейінің қолдауымен жүзеге асқан халықаралық көрме «Уақыт керуені» деп аталады.
Көрменің ашылу салтанатында Прага қаласы музейінің басшысы Иво Мацек, Қазақстанның Чех республикасындағы елшісі Бақыт Дүйсенбаев, Алматы қаласы мәслихаты төрағасының міндетін атқарушы Әсия Ақанова, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Салтанат Серікова және Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова сөз сөйледі.
Сонымен қатар, мәдени іс-шараға Жапония, Корея, Катар, Ресей, Түркия, Малайзия корольдігі және басқа 20-дан астам мемлекеттің елшілері қатысты.
Былтыр екі музей арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылған болатын. Бұл көрме соның жемісі, ынтымақтастықтың нақты көрінісі. Ынтымақ демекші, Қазақстан Республикасы мен Чех Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар 1993 жылы 1 қаңтарда құрылды. Жыл өткен сайын екі ел арасындағы мәдени байланыс осылайша нығайып келеді.
Көрменің мақсаты – Қазақстан Республикасы мен Чех Республикасы арасындағы мәдени байланыстарды одан әрі нығайту, сондай-ақ Ұлы дала халқының тарихы және мәдениетімен, жалпы көшпенділер мәдениетімен, атап айтқанда көшпелі қазақтардың дәстүрлерімен, тұрмысымен, философиясымен және дүниетанымымен таныстыру.
Алматы қаласы тарихы музейінің «Уақыт керуені» көрмесі келушілерді Ұлы даланы мекендеген халықтың терең тарихы мен мәдениетімен таныстырып, екі ел арасындағы мәдени диалогты жалғастырады десек қателеспейміз.
Прага төріне Алматы қаласы музейлер бірлестігі қорынан 220-дан астам экспонат қойылды. Көрме қазақ халқының тұрмысын, салт-дәстүрін, қолданбалы өнерін баяндайтын этнографиялық жәдігерлер, музыкалық аспаптар мен Алматы қаласының тарихы мен қазіргі өмірін көрсететін фотосуреттерге негізделген. Осы орайда айта кетейік, біздің жәдігерлер қойылған Прага музейі орналасқан ғимарат ХІІІ-ХІV ғасырларда бой көтерген, ЮНЕСКО-ның «Әлемдік мұра» тізіміне енген.
– Бүгінде Алматы қаласы музейлер бірлестігі еліміздің қоғамдық және мәдени өміріне белсенді қатысып келеді. Оның үлесінде 2022-2024 жылдары ерекше дамыған халықаралық ынтымақтастықтың кең бағдарламасы бар. Мәселен, бұған дейін Сеул (Корея Республикасы), Стамбул (Түркия), Неаполь (Италия) және Вена (Австрия) қалаларында үлкен жетістікпен өткізілген халықаралық көрмелерді атауға болады. Ал Прагадағы «Уақыт керуені» осы халықаралық көрмелердің заңды жалғасы, – дейді Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова.
Айтулы мәдени іс-шара барысында Алматы қаласы музейлер бірлестігі Түркі әлемінің «Ең үздік музейі» атанды. Сертификатты ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев табыстады.
Еуропалықтардың назарына ұсынылған көрме тамыздың соңына дейін жалғасады.