Алғашқы 100 күн: Дархан Сатыбалдының Алматыны дамытудағы ТОП-5 басымдығы

  • 12:17, 02 қыркүйек 2025
Алғашқы 100 күн: Дархан Сатыбалдының Алматыны дамытудағы ТОП-5 басымдығы Алматы әкімдігі

Бүгіннен жүз күн бұрын Дархан Сатыбалды еліміздің қаржы, мәдени және әлеуметтік-экономикалық орталығы саналатын ең ірі мегаполис Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды. Мұндай қаланы басқару стратегиялық көзқарасты, жүйелі шешімдерді және заманауи сын-қатерлерге дайын болуды талап етеді. Әкім қызметінің алғашқы айларында даму басымдықтары айқындалып, жаңа бағыт белгіленді және алғашқы нәтижелер де көріне бастады. Бұл Алматының жаңа кезеңі нақты қадамдармен басталғанын көрсетеді.

Еліміздің экологиялық, көлік және урбанистикалық мәселелерімен танылған ең үлкен мегаполисін басқару үшін ерекше көзқарас қажет. Бұл - тек қала құрылысы мәселелерін кешенді шешу емес, алғашқыда даулы болып көрінетін, бірақ ұзақ мерзімді тұрақты дамудың негізін қалайтын шешімдер қабылдау.

1. Көлік жүйесін дамыту және экологияны жақсарту

Қызметіне кіріскен сәттен бастап Дархан Сатыбалды қаладағы көлік жүйесіне баса назар аударды. Кептелістер мәселесін шешуді ол негізгі басымдықтардың қатарына қосып, жүйелі әрі кешенді тәсіл қажет екенін атап өтті.

"Жол картасының" бірінші тармағына сәйкес биыл жеке автопарктермен бірлесе отырып, 1 400 газбен жүретін және 118 электрлавтобус сатып алынады. Сонымен қатар, қоғамдық көліктің балама түрлері де дамып жатыр.

Соның бірі – BRT желісі. Әкім Жібек Жолы көшесі мен Райымбек батыр даңғылы бойындағы BRT жобасының жүзеге асырылу барысымен жеке танысты. Жібек Жолы көшесінде ұзындығы 4,6 шақырым болатын жылдам автобус жолағы жолдың шеткі бөліктерінде орналасады. Осылайша бұл желі Тимирязев көшесіндегі жұмыс істеп тұрған және Райымбек батыр даңғылындағы салынып жатқан BRT желісін біріктірмек.

Сонымен қатар, ұзындығы 32,5 шақырым болатын LRT жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып жатыр. Бірінші желі "Алматы-2" вокзалынан басталып, Төле би көшесі арқылы "Барлық" көлік торабымен және "Шығыс қақпасы" көлік торабына (Құлжабасы мен Талғар тасжолы қиылысындағы) дейін созылады.

Метро бойынша "Қалқаман" станциясынан "Барлық" көлік торабына дейін ұзарту және "Жібек Жолы" станциясынан әуежайға дейін екінші желіні салу жоспарланып отыр. Болашақта үшінші желі де салынып, "Сайран" станциясын Алатау қаласымен байланыстырады.

Дархан Сатыбалды ONAY! қоғамдық көлікті диспетчерлік басқару орталығына барған кезде (бұл жүйе 3,5 мыңнан астам көлік бірлігін қамтиды және автобустарды, троллейбустарды және метрополитенді қоса алғанда, 206 бағытта жұмыс істейді. Жүйеде 27 тасымалдаушы, 3 500 автобус және 6 830 аялдама бар) қозғалыс кестесін сақтау және жүйелік ақауларды жою қажеттілігіне назар аударды:

"Бір аялдамада бірнеше автобус қатар тұратынын өз көзіммен көріп жүрмін. Мұндай жағдайды түзету керек. График нақты болуға тиіс", - деді әкім.

Ол тасымалдаушылардың жауапкершілігін арттыруды және қосымшаның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.

Экологиялық ахуалды жақсартуда Мемлекет басшысының бастамасымен іске асқан республикалық "Таза Қазақстан" бағдарламасы Алматыда кең ауқымда жүргізіліп жатыр. Қаладағы екі миллионнан аса тұрғынды қамтитын бұл бағдарлама аясында сенбіліктер апта сайын өткізіледі. Бұл тек қоқыс жинау шарасы емес, кәсіпкерлер арасында әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру жұмысы да қатар жүреді.

20 жылда алғаш рет Терренқұр саябағы жаңғыртылып, Қарасу шағынауданында жаңа саябақ ашылды, ал жыл аяғына дейін 170 мың ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Саябақтар мен шағын жасыл аймақтарды күтіп-баптайтын арнайы "Жасыл Алматы" коммуналдық компаниясы құрылды.

2. Қала тұрғындарының жайлы өмірі мен қауіпсіздігі

Дархан Сатыбалдының айтуынша, аудандарды абаттандыру, аулаларды, тротуарларды, көше жарығын жаңарту, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолжетімді орта құру нақты мерзімдер мен нәтижелермен бекітілген жоспар болуға тиіс.

Әкім бес полицентр қалыптастыру бойынша жобаларды қайта қарауды тапсырды, оның мақсаты – адамдар тұратын ғана емес, жұмыс істейтін және демалатын, заманауи әрі ыңғайлы аудандар қалыптастыру.

Кейін қала бойынша жұмыс сапары барысында Дархан Сатыбалды жылыту маусымы басталғанға дейін барлық негізгі жұмыстарды аяқтауды, әсіресе мектептер, балабақшалар мен ауруханалар сияқты әлеуметтік нысандардың дайындығына баса назар аударуды тапсырды. Қысқы маусымға дайындықтың соңғы мерзімі 31 тамыз деп белгіленді. Бұл тапсырма толық орындалды.

Бостандық ауданында Алматы әкімі ақауы жоқ жиектастар мен асфальтты ауыстыруға наразылық білдіріп, жауапты мамандардың назарын мұндай жұмыстардың тек үлкен сызаттар мен зақымдар болған жағдайда ғана жүргізілуі тиіс екеніне аударды. Қазақстандағы коммуналдық шаруашылықты басқарудағы өзекті мәселелерді ескерсек, бұл мәлімдеме қоғам назарын бірден аударды.

Дархан Сатыбалды Алматы әкімі болып тағайындалғанына екі ай өткен соң, Мемлекет басшысы қаладағы экологиялық шараларды күшейтуге, қалалық ортаны теңгерімді дамытуға және тауға жақын аймақтарды құрылысқа тыйым салу арқылы қорғауға бағытталған өзгерістерді Бас жоспарға шұғыл енгізуді тапсырды. Сонымен қатар Президент көпқабатты тұрғын үйлер мен нүктелік құрылыстарды, Бас жоспарға сәйкес әлеуметтік инфрақұрылым және туристік кластер нысандарынан басқа, қаланың жоғарғы бөлігінде салуға мораторий енгізуді тапсырды.

Кейін Дархан Сатыбалды Медеу ауданын аралау кезінде кейбір тұрғын үйлерде (мысалы, "River Park" және "Восточка KZ" тұрғын үй кешендері) инженерлік желілердің әлі күнге дейін қала балансына берілмегенін анықтады. Тұрғындардың айтуынша, бұл жарық пен сумен қамтуда үзілістерге әкеліп отыр. Қала әкімі "Алматы Су" компаниясына магистральдық желілерді өз қарауына алуды тапсырды және құрылыс салушыға аулалық желілерді ретке келтіру үшін қыркүйек айының соңына дейін нақты мерзім қойды.

Бірнеше күн бұрын Әуезов ауданындағы коммуналдық инфрақұрылым нысандарын тексеру барысында әкім "қыс түскенін күтпей", "Достық" шағынауданындағы су және кәріз желілерінің құрылысын 2026 жылғы ақпанның орнына биылғы қазан айына дейін аяқтауды тапсырды.

Дархан Сатыбалды көше жарықтандыру мәселесіне де ерекше көңіл бөліп отыр. Алматының барлық ауданын және негізгі көлік бағыттарын қамтитын жарықтың мастер-жоспарымен танысқан әкім жарық стратегиясы формал емес, тиімді болуға тиіс екенін атап өтті.

"Жұмыс барысын өзім жеке бақылап, кешкі уақытта да нысандарға шығамын: тек осылай жарықтандырудың тұрғындарға қалай қызмет етіп жатқанын көруге болады", — деді Дархан Сатыбалды.

Жарықтандырудың мастер-жоспары Лондон мен Сеул сияқты әлемнің жетекші мегаполистерінің тәжірибесін қамтиды, сыртқы жарықтандыруды "ақылды қала" жүйесіне біріктіруді, сондай-ақ түнгі уақытта, әсіресе әйелдер, балалар және мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қауіпсіздікті арттыруға баса назар аударады. Жоспарға сәйкес, 2025 жылдың аяғына дейін Алматының барлық көшесі толық жарықтандырылады.

Сонымен қатар, әкім Алматыда ең ауқымды деңгейде жүзеге асырылып жатқан "Халықтық қатысу бюджеті" бағдарламасы аясындағы барлық жоба бойынша артта қалушылықты жоюды тапсырды.

Айта кетейік, әкімнің тапсырмалары тек қағаз жүзінде қалып жатқан жоқ. Алғашқы үш айда ғана жұмыс бағыты айқындалып, басымдықтар белгіленіп қоймай, орындалған нақты тапсырмалар тізімі де қалыптасты. Соның ең жарқын мысалдарының бірі — 1 қыркүйекке дейін магистраль көшелердің орташа жөндеуін аяқтау тапсырмасының орындалуы. Жұмыстар жалпы ұзындығы 40 шақырым болатын 15 көшеде жүргізіліп, дәл жаңа оқу жылының басталуына орай аяқталды.

3. Экономиканың тұрақты дамуы және кәсіпкерлікті қолдау

Алматы дәстүрлі түрде еліміздің экономикасында көшбасшы қала саналады, республикалық бюджет кірісінің қомақты бөлігін қалыптастырады. Дархан Сатыбалды шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған жаңа қаржылық құралдарды енгізуді, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуді және индустриялық аймақтарды дамытуды уәде етті. Әкім мегаполисті IT саласының, стартаптардың, креативті индустриялардың, туристік және білім беру қызметтерінің орталығы ретінде көреді.

Алматы Индустриялық аймағына сапары барысында Дархан Сатыбалды оның дамуы формальды тіркеулермен шектелмей, нақты экономикалық өсімге қызмет етуі тиіс екенін айтып, бірқатар нақты тапсырмалар берді:

  • жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өнім түрін және өткізу нарықтарын кеңейту жұмыстарын жандандыру;

  • жер телімдерін тиімді пайдалану және инвестициялық міндеттемелерді орындау талаптарын күшейту;

  • тиімді өндірістерге қосымша аумақтар бөлу ұсыныстарын қарастыру;

  • шағын өнеркәсіптік парктерді дамыту, ИЗА аумағын абаттандыру және көгалдандыру деңгейін арттыру.

Стратегиялық бағыттардың бірі ретінде әкім Индустриялық аймақ базасында халықаралық деңгейдегі технопарк тұжырымдамасын әзірлеуді және жаңа инновациялық компанияларды тартуды атады.

Дархан Сатыбалды жаңа жобаларды іріктеуде жоғары қосылған құны бар, заманауи технологияларды қолданатын және экспорттық әлеуеті жоғары кәсіпорындарға басымдық берілетінін атап өтті.

"ПИТ" арнайы экономикалық аймағында әкім жоғары технологиялық және импортты алмастыратын өндірістерді дамытуға барынша қолайлы жағдай жасау, экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды қолдау және сапалы жұмыс орындарын көбейту басымдықтардың бірі екенін айтты.

Дархан Сатыбалдының инвестиция тарту бағытындағы нақты қадамдарының бірі – жуырда Қытай инвесторларымен Қазақстандағы алғашқы қалдықтарды энергетикалық утилизациялайтын кәсіпорынды ашу туралы келісімге қол қойылуы. Бұл нысан шығарындыларды толық дерлік ұстап тұруға мүмкіндік береді және ЕО экологиялық қауіпсіздік стандарттарына сай келеді.

"Жаңа инновациялық зауыт қоқысты көму көлемін едәуір азайтып, экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді. Бұл жоба жасыл экономиканың дамуына қомақты үлес қосып, қазіргі және келер ұрпақ игілігіне қызмет етеді деп сенеміз", — деді Дархан Сатыбалды.

Индустриялық дамумен қатар, әкім қаланың басқа да экономикалық бағыттарына көңіл бөлуде. Атап айтқанда, мегаполистің туристік әлеуетін одан әрі арттыру аясында ол "Алма-Арасан" радон бұлағына баратын танымал туристік соқпақтың жаңғыртылу барысымен танысты. Мұнда беткейлер бекітіліп, көпірлер жөнделді, қауіпсіз жүретін төсемдер, баспалдақтар мен бақылау алаңдары орнатылды.

"Бақыт соқпағы 2025" жобасының үшінші кезеңі іске қосылды: жаңа демалыс аймақтарын көгалдандыру, беседкалар, навигация, санитарлық тораптар, экәжетханалар, бақылау алаңдарын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Әкімге "Аюсай" визит-орталығын дамыту және Үлкен Алматы көліне апаратын жолдардың қолжетімділігін арттыру тұжырымдамасы ұсынылды.

Дархан Сатыбалды туристік бағыттардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуді, қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлылықты арттыруды, сондай-ақ туристік инфрақұрылымды қалалық көлік желісімен интеграциялауды тапсырды.

4. Қолжетімді әрі сапалы білім, денсаулық және әлеуметтік қорғау

Әлеуметтік нысандарды аралау барысында Дархан Сатыбалды жобалардың сапасы мен мерзімін орындауды жеке бақылауда ұстайтынын үнемі атап өтеді: "Тұрақты бақылау болады" немесе "Бұл менің жеке бақылауымда болады", – дейді ол.

Мәселен, Наурызбай ауданындағы ("Құрамыс" ш/а) сапарында ол мерзімнің созылуын саботаж деп бағалап, мұндай мердігерлермен жұмысты тоқтату қажет екенін ерекше атап өтті. Ал Жетісу ауданында әкім мектептің тапсырылу мерзімі бұзылған жағдайда әкімдік мердігерден пәтерлерді сатып алмайтынын ескертті.

Дархан Сатыбалдының білім беру нысандарының құрылысына жеке бақылауы нақты нәтижесін берді: 1 қыркүйекте Алматыда "Келешек мектептері" жобасы аясында жалпы сыйымдылығы 22,5 мың орындық 7 жаңа мектеп өз есігін ашты. Білім беру мекемелері Теректі, Самғау, Қарасу, Ақбұлақ, Нұрлы Дала шағынаудандарында, сондай-ақ, Левитан көшесінде және Райымбек даңғылында бой көтерді. Қыркүйек айының аяғына дейін бұларға қосымша жалпы сыйымдылығы 10,5 мың орындық тағы 5 мектеп пайдалануға берілмек. Осылайша, қыркүйекте Алматының білім беру кластері барлығы 12 жаңа мектеппен толығып, қаладағы балалардың сапалы білімге қолжетімділігі айтарлықтай артады.

Әлеуметтік салада білім берумен қатар денсаулық сақтау мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп отыр. Қаланың медициналық мекемелерін аралау барысында қала басшысы №4 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімін қайта жаңғырту жұмыстарын уақытылы аяқтауды тапсырды. Бұл – Алматы тұрғындары үшін аса маңызды денсаулық сақтау нысанының маңызын ескерсек, тікелей өмірлік маңызы бар шешім.

Спорт саласына да жеке тоқталған жөн. Дәл Дархан Сатыбалдының басшылығымен мегаполисте 35 мың орындық жаңа стадион жобасы таныстырылды. Бұл - Алматы үшін жай ғана тағы бір инфрақұрылымдық нысан емес, халықаралық деңгейдегі толыққанды спорттық кластер қалыптастыруға жасалған қадам. Мұндағы символизм де айқын: жаңа стадион Алматының атақты "Қайрат" футбол клубының даңқты дәстүрін жалғастырып, қаланың әлемдік спорт картасындағы мәртебесін нығайтуға арналған. Егер алғашқы жүз күнде жүзеге асқан жобаyың көбі қалалық ортадағы жергілікті мәселелерді шешуге бағытталған болса, стадион құрылысына қатысты бастама нағыз халықаралық ауқымдағы ірі жобаға айналды.

5. Ашық болу пен халықпен диалог

Алматы әкімі қызметіне кіріскен алғашқы күндерінен бастап Дархан Сатыбалды өзінің басты ұстанымын айқындады: әділ әрі тұрақты қалалық саясат тек сенім мен тұрғындармен тұрақты диалог арқылы қолдан келеді. Сол кезде ол алдын ала дайындалған бағыттармен ғана емес, нағыз Алматының тынысы сезілетін аулаларға, мектептерге, базарларға және көшелерге шығып, аудандарды жиі аралайтынын уәде еткен еді. Бұл сөздер құр мәлімдеме болып қалған жоқ: бүгінде әкімнің күн сайын белсенді жұмыс істейтіні, күн сайын бірнеше рет қала аралап, тұрғындармен тілдесетіні байқалады. Мұны әкімнің қанық жұмыс кестесін және "жергілікті тіршілікке" тұрақты қатысуын көрсететін жазбалар мен видеолары да дәлелдейді.

Сонымен қатар әкім жергілікті атқарушы органдардың ашық болуын және тұрғындармен тұрақты байланыс орнатуды басты назарда ұстайтынын атап өтті.

Бұл жұмыстың маңызды бөлігі, әрине, Қазақстанның болашағы саналатын жастарға арналады. Дархан Сатыбалды жаңа буын өкілдерінің "Таза Қазақстан" сияқты ұлттық жобаларға белсенді қатысуының маңыздылығын үнемі айтып, оларды түрлі бастамалар арқылы қала өміріне тартуға мән береді.

Айрықша атап өтерлік кездесулердің бірі – Әуезов ауданындағы комьюнити-орталықта өткен жиын. Онда әкім жастардың түрлі қызығушылықтары мен бастамаларын қолдап, мегаполистің дамуына үлес қосуына мүмкіндік беретін "Жастар қатысатын бюджет" тетігін әзірлеуді тапсырды.

"Бүгінде Алматыда 700 мыңнан аса жас тұрады. Әрқайсысының сапалы білімге, кәсіби және шығармашылық тұрғыда дамуға, өз әлеуетін іске асыруға қол жеткізуін қамтамасыз ету – баршамыздың ортақ міндетіміз", - деп атап өтті Дархан Сатыбалды.

Қорытынды

Әкімнің алғашқы 100 күні – Алматы үшін жаңа кезеңнің бастауы. Бұл мерзімде даму бағыты анықталып, нақты тапсырмалар берілді, олардың бір бөлігі орындалды, қалғаны іске асырылып жатыр. Уақыт көрсеткендей, мегаполис жүйелі және мақсатты жұмыс кезеңіне аяқ басты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:55

14:53

14:49

14:39

12:54

12:41

12:30

12:17

12:10

11:50

11:48

11:34

11:26

11:19

11:18

11:13

11:07

11:06

10:46

10:35

10:21

10:17

10:09

10:02

12:19