Өткен жылы күллі әлем бойынша әскери шығын 2,443 трлн долларға жетіп, рекорд орнатты.
Бұл көрсеткіш 2022 жылғы деңгеймен салыстырғанда 6,8%-ға артқан, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Trends In World Military Expenditure шолуында жарияланған SIPRI (Стокголм халықаралық жаһан проблемаларын зерттеу институты) дерегіне жөн сілтеген forbes.kz ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді.
SIPRI мәліметінше, әлемде әскери шығын осыман он жыл қатарынан тұрақты түрде артып келеді. Бұл тенденция жаһандық бейбітшілікке қауіп төнгенін әрі геосаяси ахуалдың нашарлағанын көрсетеді. Америка Құрама Штаттары (37 пайыз) мен Қытай халық республикасының (12%) бұл тараптағы шығыны әлемдік әскери шығындардың жартысына жуығын құрайды. АҚШ Қытайға қарағанда үш есе көп шығын жұмсайды – бұл шығынның көбісі қару-жарақтың жаңа жүйесін әзірлеуге кетеді. Бейжің соңғы 29 жылда әскери шығынын ұдайы ұлғайтып келеді, бұл қарқын кейінгі жылдары бәсеңдеді - сарапшылар мұны Қытай экономикасының өсу қарқынының баяулауымен байланыстырды; сондай-ақ, Азия мен Океаниядағы барлық әскери шығындардың жартысы Қытайдың үлесіне тиетінін, ал аймақтағы көршілер ҚХР-дың әскери қуатын өздерінің әскери әлеуетін нығайтудың себебі ретінде қарастыратын болып шықты. Яғни, Қытайдан сескеніп, қару-жарақ арсеналын байытуға күш салып келеді. 2023 жылы Жапония әскери қажеттіліктерге 2022 жылға қарағанда 11%-ға артық қаржы бөлді; Тайуанның әскери шығысы да осы шамалас - 11%-ға өскен.
SIPRI мағлұматына сәйкес 2023 жылдың соңына қарай қорғаныс шығыны бойынша алғашқы ондыққа кірген елдер:
АҚШ – 916 млрд. доллар немесе ұлттық жылпы ішкі өнімнің 3,4%-ы (бір жыл бұрын, яғни, 2022 жылы – 877 млрд. доллар немесе ЖІӨ-нің 3,5%-ы);
Қытай – 296 млрд. доллар немесе ЖІӨ-нің 1,7%-ы (292 млрд доллар немесе ЖІӨ-нің 1,7%-ы);
Ресей Федерациясы – $109 млрд. немесе ЖІӨ-нің 5,9%-ы (86,4 млрд доллар немесе ЖІӨ-нің 4,1%-ы);
Үндістан – $83,6 млрд. немесе ЖІӨ-нің 2,4%-ы (81,4 млрд доллар немесе ЖІӨ-нің 2,4%-ы);
Сауд Арабиясы – 75,8 млрд. доллар немесе ЖІӨ-нің 7,1%-ы (75 млрд доллар немесе ЖІӨ-нің 7,4%-ы);
Ұлыбритания – 74,9 млрд. доллар немесе ЖІӨ-нің 2,3%-ы (68,5 млрд. доллар немесе ЖІӨ-нің 2,2%-ы);
Германия – $66,8 млрд. немесе ЖІӨ-нің 1,5%-ы ($55,8 млрд. немесе ЖІӨ-нің 1,4%-ы);
Украина – 64,8 млрд. доллар немесе ЖІӨ-нің 37%-ы (44 млрд. доллар немесе ЖІӨ-нің 34%-ы);
Франция – 61,3 млрд. доллар, немесе ЖІӨ-нің 2,1% (53,6 млрд. доллар немесе ЖІӨ-нің 1,9%);
Жапония – $50,2 млрд. немесе ЖІӨ-нің 1,2% (46 млрд. доллар немесе ЖІӨ-нің 1,1%).