Салтанатты рәсім маңызды шараға тән дәстүрлер сақтала отырып өткізілді, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде 28 жастағы сотталған азамат сүйіктісімен ресми түрде некесін қиды. Бұл күн жас жұбайлар үшін бірге өмір сүрудің жаңа кезеңінің бастауы әрі шынайы сезімнің арақашықтықты, уақытты және өмір сынақтарын еңсере алатынының символына айналды.
Неке Семей қаласының АХАТ бөлімінде мекеме қызметкерлерінің қатысуымен Қазақстан Республикасының “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” кодексінің талаптарына сәйкес тіркелді. Салтанатты рәсім маңызды шараға тән дәстүрлер сақтала отырып өткізілді.
Павлодар қаласының 28 жастағы тұрғыны төрт жыл бұрын алаяқтық жасағаны үшін бес жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған. Мекемеде жазасын өтеу кезінде ол бес жылдан астам уақыттан бері таныс болып келе жатқан сүйікті әйеліне үйлену ниеті бар екенін қызметкерлерге айтқан.
– Біздің тарихымыз бес жылдан астам уақыт бұрын басталды. Ол менің бұрынғы әріптесім болатын. Кейін ол ажырасып кеткеннен кейін біз әлеуметтік желілер арқылы араласа бастадық, уақыт өте келе кездесіп жүрдік. Мен бас бостандығымнан айырылған кезде де ол мені әрдайым қолдап, кездесуге келіп, моральдық тұрғыдан демеу көрсетті. Оның менен теріс айналмай, мені күткені мен үшін өте маңызды. Мен отбасылық өміріміздің мекеме қабырғасында басталғанын қаламадым. Осы уақыт бойы жазамның аяқталатын уақытын күттік. Жақында бостандыққа шығамын. Ал бүгін біз ресми түрде ерлі-зайыпты атандық. Енді мені әйелім мен оның үш баласы күтеді. Біз үшін маңызды болған осы күнді ұйымдастыруға көмектескен мекеме қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Бостандыққа шыққаннан кейін оның сенімін ақтап, берік отбасы құрып, өмірімді жаңа парақтан бастай аламын деп үміттенемін, — деді сотталған.
Мекеме бастығының міндетін атқарушы Рустем Берлибеков салтанатты рәсім туралы ойымен бөлісті.
– Отбасы сотталған азаматты қайта әлеуметтендіру үдерісінде маңызды рөл атқарады. Жақындарының қолдауы адамның қоғаммен байланысын сақтауға, өз іс-әрекеттерін қайта бағалауға және болашаққа жоспар құруына ықпал етеді. Сондықтан сотталған азамат заң аясында некесін ресми түрде тіркеуге ниет білдірген жағдайда, біздің міндетіміз – осындай шараны ұйымдастыруға қажетті көмек көрсету. Бүгінгі неке қию рәсімі бұл жұп үшін маңызды өмірлік оқиға болды. Отбасының қолдауы сотталған азаматтың түзелуіне және бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға ойдағыдай бейімделуіне қосымша ынталандыру болады деп сенеміз. Жас жұбайларға өзара түсіністік, сыйластық, отбасылық амандық және бақытты болашақ тілейміз.