Өткен ғасырдың аумалы-төкпелі кезеңінде ұлттың рухани қазынасын қорғап, жоғын түгендеуді мақсат еткен зиялылардың басына бұлт үйірілді. Бұл зобалаң «қазақтың бас ақыны» Абайды күресінге итере салуға тырысқан әрекеттерге тойтарыс бермек болған азаматтарды да айналып өткен жоқ. Ағысқа қарсы жүзген сондай тұлғаның бірі – Қайым Мұхамедханұлы еді. Өмірінің бір қиын-қыстау шағында ғалымның өзі де ішкі арпалысын:
Ит боп үріп, мен ешкімді қаппадым,
Қастық жасап, кісіге оқ атпадым
Алтын көріп, адал жолдан таймадым,
Сұғанақ боп арам астан татпадым.
Мен кісінің қол созбадым бағына,
Мен ешкімнің таласпадым тағына.
Кең дүние, жолың даңғыл боп жүріп,
Кез болыппын сүрінетін шағыма, – деп өлеңмен өрнектеді.
Бұл – бір сәттік сыр емес, тағдырдың талай қақпанынан өтсе де, азаматтық ұстанымынан айнымаған қайраткер болмысының айғағы.

Қайым Мұхамедханұлының қалыптасу қайнары ең алдымен өзі туған ортадан бастау алды. Ол ынтымағы жарасқан, рухани таза ортада өсіп жетілді.
«Әкесі Мұхамедхан Сейтқұлұлы озық ойлы, көкірек көзі ояу жан болған. Үйіндегі ерекше қазынасы – бір бөлмені тұтас алып тұрған бай кітапхана-тұғын», – дейді философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім.
Өнер-білімге құштар, араб, орыс, татар тілдеріне жүйрік Мұхамедхан, ел аузынан ескі дастандарды жинаған. Жомарттығымен де танылған оның үлкен бір еңбегі – сол уақытта Семейде басылған, Алаш үні «Сарыарқа» газетіне және Жүсіпбек пен Мұхтар шығарған «Абай» журналына демеушілік етуі болды. Бұл жөнінде Қайым ағаның өзі: «Алаш арыстары туралы сөз қозғайтын болсақ, әкем Мұхамедхан Сейітқұлов туралы айтпай кете алмаймын. ...Менікі кейбіреулер сияқты көрпені өзіме қарай тарту емес, деп әкесінің Алаш арыстарымен жақын сыйлас болғанын айтқаны бар.
Айтса-айтқандай, Мұхамедханның еңселі үйі сол уақытта қазақтың ардақтылары жиі бас қосатын киелі шаңыраққа айналған. Сыйлы қонақ түсетін, берекелі, мерекелі шаңыраққа Әлихан, Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Жүсіпбектен бастап, Алаштың бүкіл ардақтылары жиі келіп тұрған. Сондай-ақ бұл – өңірдің дарынды жастары да бас қосып, тарих, әдебиет, мәдениет жөнінде еркін ой бөлісетін, пікір таластыратын рухани орда болды. Абайтануға ден қойып, жыраулар мұрасын тірілтуіне, Шәкәрімге жоқшы, шығармаларына жанашыр болуына тікелей ықпал еткен ұстазы Мұхтар Әуезовті де Қайым бала кезінде осы әке шаңырағынан көрді. Заңғар жазушының «Еңлік-Кебек», «Қарагөз» пьесаларының дайындық жұмыстары Мұхамедхан үйінде пысықталып, қазақ театрының негізі де сонда қаланды. Бала Қайым, міне, осындай ұлағатты ортада өсіп-жетілді. Оның болашақта көрнекті зерттеуші, ғұлама ғалым болуына мұның үлкен септігі тиді.
«Қайымға әкесі Мұхамедханның көрсеткен үлгі-өнегесі, тәрбиесі ерекше болған. Ол кісі баласына: «сен Алаш арыстарының тізесінде отырып өстің, ержеттің, сондықтан сенің жаман болуға хақың жоқ» дейді екен. Ал «Алаш ұстазы» атанған Ахмет Байтұрсынов болса, «заманнан заман өткенде біздің есімімізді жаңғыртатын осы Қайым болады» деген көрінеді. Осы сөз сәуегейлікпен жүзеге асты. 1918 жылдары Семейде Жүсіпбек пен Мұхтардың ұйымдастырумен шыққан «Абай» журналын еліміз тәуелсіздік табалдырығын аттағалы жатқан шақта қайта жаңғыртқан да осы Қайым болды. Қай жағынан алсақ та Қайымды Алаш ізбасарларының, Абайдың, тікелей Әуезовтің шәкірті деп есептеуіміз керек, – дейді Қ.Мұхамедханұлы жөнінде «Ер қазақ» кітабын жазған Дәулет Сейсенұлы.
· Әулетке төнген ауыр зобалаң
Қызыл жүйенің Алашқа деген өш көзқарасы Мұхамедхан шаңырағын да жайына қалдырмады. Мұхамедханның өз еңбегімен тұрғызған үйі 1921 жылы тәркіленіп, екі бөлмесі ғана қалады. Кейін «бай, феодал» деген желеумен тұтқындалып, мал-мүлкінен айырылады. 1932 жылы сатып алған үйі де тартып алынып, әулет Солдат көшесіндегі шағын үйді паналауға мәжбүр болады. Ал 1937 жылдың қарашасында отағасы «советке қарсы ұйымға қатысы бар» деген айыппен ұсталып, ату жазасына кесіледі. Бүкіл қағаз-құжаты, кітапханасы тып-типыл етілгені сонша, тіпті бір суреті де қалмайды.
Осы трагедия Қайымның өзі: «Әлекең 1938 жылдың мамыр айында, ал оның құрдасы, жолдасы Мұхамедхан 1937 жылдың желтоқсан айының басында атылған… Бұл жаза ол қамауға алынған соң небәрі 4–5 күн ішінде орындалған. Бізге ол кезде «10 жылға сотталды» деген хабар тиген еді. Негізгі шындықты тәуелсіздік алған соң, арада 55 жыл өткеннен кейін ғана білдік», – деп еске алған.
Әкесін төрт рет тәркілеп, маңдай терімен жинаған дәулетін, мал-мүлкін түгел қолды еткенімен қоймай, озбыр саясат «байдың баласы» деп мектептен шығарып, Қайымды да алаңсыз балалық шағынан айырды. Әділетсіздік пен озбырлықты ол, осылайша, басынан ерте кешірді. Әкеден айырылудың соңы Қайымның институттан қуылып, «халық жауының» баласы ретінде еш жерге жұмысқа да қабылданбауына негіз болды. Отбасының, туған-туысының жауапкершілігі мойнына түскен жас жігіт, жұмыс талғамады: вокзалда жүк те түсірді, көмір де тасыды, ауыр, жеңіл деп қараған жоқ.
...Осылайша, Қайымның талай сыннан өтуіне, талай шаруа атқарып, талай тағдырды басынан кешіруіне тура келді. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандарының екі жылдық дайындық курсын тәмамдаған соң, Семей педагогикалық институтына түсті, бірақ әкесіне тағылған айыпқа байланысты, одан да қуылды. Осы қиын сәтте оған әкесінің досы Мұхтар Әуезов үлкен қолдау көрсетті. «Абай жолын» жазуға дайындық үстіндегі қаламгер, Қайымды соған байланысты түрлі тапсырма орындайтын ғылыми көмекші етіп алады. Өзі сол кезде Алматыда болған Мұхаңа шығармаға қажетті детальдарды анықтау, ауылдағы ақсақалдармен әңгімелесіп, хабар алмасу тұрғысында Қайым таптырмас қолғанат болды. Бұдан бөлек, 30 жылдардың соңында Абай мұрасына жойылып кету қаупі төнді. Кемеңгер ақынның өлең сөздері бұрмаланып айтыла бастады, шығармалары ғылыми көзқарас тұрғысынан зерттелмеді. Ұлы Абай мұрасын сақтау қалу мақсатында Мұхтар Әуезов Қайымға бірнеше міндет жүктеді, Абай мұражайын ашуға қатысты көптеген жауапты жұмысты да ол жас шәкіртіне сеніп тапсырды.
Сөйтіп, жас зерттеуші Жидебайдан бастап талай ауылды аралап, Абайды көрген жандарды іздеп тауып, әр деректі салыстырып, музей қорын толықтырды. Экспедиция барысында музей қоры Абайдың жеке заттары, тұрмыстық бұйымдары, кітаптары мен қолжазбалары сияқты 500-ден астам құнды жәдігермен байытылды. Сөйтіп, Абайдың ел тарихындағы тұңғыш Мемлекеттік әдеби-мемориалдық музейі ашылды.
· Ғылымға қайта оралу
Дегенмен қызыл жүйе Қайымнан күдігін үзбеді. Ұлы Отан соғысы жылдары оны «саяси сенімсіз» санап, еңбек майданына жіберіп, 1941–1942 жылдары Свердловск пен Магнитогорск өңірінде қорғаныс шебін жасауға жегеді. Денсаулығы сыр берген Қайым елге оралып, оқытушылықпен қатар ғылыми іске біржола бет бұарды. Бұл жолы да ол өз арнасы – Абай әлемінен теріс айналған жоқ.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісімақова осы бағытта атқарылған ғылыми жұмыстың мәнін: «Ауызекі тілде әртүрлі айтылып жүрген өлең мәтіндерін қалпына келтіру, жазба үзінділерді мұқият зерделеу, дұрыс нұсқасын текстологиялық талдау арқылы анықтау сияқты күрделі жұмыстар керек болды. Уақыт өте тығыз еді, қолжазбалар жоғалып, өлеңдер ұмытыла бастады», – деп сипаттайды. Әдебиеттанушы пікірінше, Қайымның ірі еңбегінің бірі де – Абайдың әдеби мектебін ғылыми түрде тұңғыш рет негіздеуі деуге болады.
Белгілі жазушы Тұрсын Жұртбай бұл күресті кеңірек контексте түсіндіріп:
«Абайдың ұлылығын таныту барысында қаншама абайтанушылар өмірден қияметпен өтті. Соның басты азабын көрген, әрине, Мұхтар Әуезов. Сол Мұхтар Әуезовтің түсірген шырағымен Абай әлеміне жанкешті еңбек еткен адам – Қайым Мұхамедханұлы», – дейді.
40-жылдардың орта шенінде Қайым Абайдың бұған дейін беймәлім болып келген өлеңдерін тауып, олардың Абай қаламына тиесілігін ғылыми текстология негізінде дәлелдеді. Соның нәтижесінде 1945 жылы, Абайдың 100 жылдығы қарсаңында шыққан жинаққа ақынның 9 өлеңі жаңадан қосылды. Бұл – жеке олжа ғана емес, Абай мұрасын «ғылыми дәлдікпен» қорғаудың үлгісі еді.
Тұрсын Жұртбай кеңестік идеологияның «Абайды қазақ ұлтымен қоса қара тақтаға жазу» пиғылы болғанын айта келіп: « Қайым жасөспірім кезінен бастап қашан көзі жұмылғанға дейін Абай майданынан кеткен жоқ» деп бағалады. Бұл Қайым еңбегінің тек ғылыми тұрғыда ғана емес, азаматтық күрес ретінде де өрбігенін көрсетеді.
Қайым Мұхамедханұлы 1947 жылы Абай музейінің директоры болып тағайындалғаннан кейін де педагогикалық қызметтен кеткен жоқ. Сонымен қатар, күн сайын архив ақтарып, ғылыммен айналысу да оның тұрақты өмір үрдісіне айналды. Педагог, ғалым, мұрағатшы, өлкетанушы, абайтанушы сияқты сан алуан қасиет, сан түрлі қабілет бір басына тоғысқан Қайым Мұхамедханұлының қазақ ұлтына, руханиятына сіңірген үлкен еңбегінің бірі – Алаштану бағытында атқарған қызметі болды.
Алаш арыстарын бала кезінен көзімен көріп, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Шәкәрім шығармаларын жаттап өскен Қайым, олардың «қараңғы қазақ көгінде» күн болып жарқырар сәті туатынына сенді және әрқайсысының өзіне мәлім шығармаларын, суреттерін өзге де деректермен қосып жинап, көзінің қарашығындай сақтаумен болды. 70 жыл құр құдықта жатқан Шәкәрімнің аяулы бейнесі де Қайымның әкесі Мұхамедхан шаңырағында түсірілгені белгілі болды.
· Рух қайсарлығы
Қайымның «Абайдың әдеби мектебі» деген тақырыптағы диссертациясын қорғауы – ел тарихындағы елеулі оқиғаның бірі болды. Содан бастап Әуезов пен Мұхамедханұлын айыптау күшейе түсті. Сол кездегі советтік әдебиеттанушылар, «Абай – феодал, бұлар тағы да феодалдар мен солардың айналасын көтеріп жатыр» деп сынды қарша боратты. Мұның соңы Қайым Мұхамедханұлын Абай мұражайы директоры және оқытушы қызметінен босатумен аяқталды. Көп ұзамай Қайым Мұхамедханұлы 1951 жылы 1 желтоқсанда тұтқынға алынып, Карлагқа жіберілді.
«Қайымның Абайтанудағы күрес идеясы, ең бірінші, оның сол Абай өскен ортада өсіп, Әуезовтің қан жүгірткен тамырымен жүре отырып, Абайды 20 ғасырдың соңына дейін қорғап келінде. «Абайтанудан бас тарт. Абайтануды маған жаздырған – Мұхтар Әуезов» деп айт, егерде бас тартып, Әуезовті көрсетсең, саған кандидаттық атағыңды да, үйіңді де, жұмысыңды да қайтарып береміз» деген. Соның өзінде «жоқ, екі айтатын адам емеспін. Абай біреу, Әуезов біреу» деп, 25 жылға жер айдалып кетті, ыстық-суық камераны бастан кешті, сонда да, өзінің айтуы бойынша, «Ей, Алла, ей, Алаштың идеясы, Абайдың идеясы, қолдай гөр» деп ішімнен қасарысып отырдым» дейді. Мұндай қасарысқан төзімді рух кез келген ұлттың интеллигентінің басында өте сирек кездеседі. Қазақта сондай қайсар тұлғаның бірі де, бірегейі де – Қайым Мұхамедханұлы. Оның бұл қайсарлығына Мұхтар Әуезовтің өзі де таң қалған», – дейді Тұрсын Жұртбай.
Түрмеде Қайымды Абайтану мен ұлы ағартушының ақындық мектебіне, алаштануға қатысты атқарған жұмыстарының барлығынан бас тартқызып, кінәні Мұхтар Әуезовке аудартуға тырысқан қара ниеттілердің әрекетінен түк шыққан жоқ. Тумысынан текті, қайсар Қайым ұстазына қиянат жасамады, «...Өлсем, Алаш азаматтарынан жаным артық емес...» деп, адам айтқысыз азаптың түр-түріне төзіп бақты.
Тұрсын Жұртбай Қайымның Абайтанудағы және адам ретіндегі біз ұстанатын ұлы қасиеті, ол – рух қайсарлығы екенін айтады. Қаламгер: «Рух қайсарлығы болмаса, біз өзгені былай қойып, Әуезовтің өзінен 51-53 жылдары айырылып қалған болар едік. Ал Әуезовсіз қазақ әдебиетін де, мәдениетін де, рухани өмірін де елестету мүмкін емес. Бір қара түнек жағдайға тап болатын едік. Ең бастысы, «Абай жолы» эпопеясы аяқталмай қалатын еді. Біз дүние мәдениетіне өзіміздің ұлтымыздың тағдыры туралы ең озық шығарманы жеткізе алмайтын едік. Егер Әуезов «Абай жолын» жазып таныстырып кетпегенде біз осы күнге дейін «қазақ халқының рухани тарихында мынадай бар» деп таныстырып жатар едік, «бүгінгі қазақта территориясы жоқ, мемлекет жоқ» дегендер ол кезде «өнер де жоқ» деп, ең бірінші қара түнекті біздің жерімізге ғана емес, жүрегімізге де төгетін еді. Міне, осы рухтың ұшқыны қалуында Қайымның еңбегі зор», – деп есептейді.
· Ар-ұждан мен адамгершілік кепілі
Жазықсыз жазаға ұшыраған ғалым абақтыдағы азапты төрт жылдан соң, әупірімдеп әрең дегенде еркіндікке шығады. Шәкіртінің ақталып оралғанына балаша қуанған Мұхтар Әуезов одан алдағы уақытта не істейтінін сұрайды. Алған бетінен қайтпайтын, азаматтық ұстанымынан таймайтын қайсар Қайым аспай-саспай, шығармашылығының алтын арқауына айналған – Абайтануды және Абайдың ақындық мектебін зерттеуді жалғастыратынын айтады.
Тұрсын Жұртай Қайымның ғылымдағы қос үлкен арнасын атап: «Қайым «Абай және оның ақындық мектебі» деген ғылыми бағыт қалыптастырды. Екіншісі – Абай поэзиясының текстологиясы. Қазақ әдебиеттануында текстология ілімін ғылыми бағыт ретінде қалыптастырған – Қайым. Сонымен қатар, оның халық поэзиясы, жыраулар поэзиясының тестологиясы, жеке ақындардың, халық ақындарының текстологиясы жөніндегі пікірлері кеше де, бүгін де, ертең де құнын жоймайды. Әсіресе, Шәкәрімнің текстологиясы жөніндегі мақаласы күні бүгінге дейін өзекті», – дейді.
«Ғалымның есімі, келешек ұрпағына арнаған сөздері, Абай арқылы, «жылы жүрек және ыстық қайратпен» мәңгілік есте қалуы тиіс. Қазақ интеллигенциясының шынайы өкілі Қайым Мұхамедханұлының соңына қалдырған мұрасы – өміршеңдік, шынайы ақиқат, ерік-жігер, бекзаттық, рухани тазалық, биікке ұмтылу қасиеттері» деп жазған екен кезінде Герольд Бельгер.
Ал Тұрсын Жұртбай сөзімен айтсақ, Қайым өзінің өмір сүрумен де Абайтанушылардың, қазақ әдебиеттанушыларының, жалпы, қазақ зияалыларының рух сенімі, рух қайсарлығы болды.
«Ол азамат ретінде де қайсарлықпен, қажырлықпен, қажымай өмір сүрді. Тіпті көз жұмарының алдында да «жасымаймын, рухым таза, адал болдым. Мағжан айтқандай, «әлдиле, өлім, әлдиле» деп, «өлім мені әлдилесін, өлім мәңгіліктің бесігі», – деп менің өзімді қайрап салды. Сонда рухы қажымаған адам Қайым қай уақытта да болсын, қайсарлықтың, ерліктің, өжеттіктің, білімнің, ар мен ұжданның және адамгершіліктің кепілі болып табылады. Ол өзінің 10 баласын да осы ұлттық рухта тәрбиеледі» , – дейді Тұрсын Жұртбай.
Қорыта айтқанда, «Алдымда ақын Абай – Темірқазық» деп, ұлы хакімнің ұстанған жолын, танымын, тұлғасын жадына берік тоқыған, тәлімгері, аға-досы, ұстазы Мұхтарды қадірлеген, жете алмай кеткен арман-мұраттарын өзіне аманаттаған Алаш арыстары алдындағы парызын адал өтеген Қайым Мұхамедханұлы өмірде де, ғалымдық, тұлғалық тұрғыда да нағыз ер қазақ болып күн кешті. Сол биігінен аласармаған күйі өмірден өтті. Бүгінгі ұрпақ үшін Қайым Мұхамедхан тұлғасы сонысымен биік, сонысымен бірегей.
