"8 жылдан бері құрғақ тұр". Сатыбалды Үлкен Алматы арнасына қатысты тапсырма берді

  • 17:27, 13 маусым 2025
"8 жылдан бері құрғақ тұр". Сатыбалды Үлкен Алматы арнасына қатысты тапсырма берді Алматы әкімдігі

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Түрксіб ауданына жұмыс сапарымен барып, тұрғындар үшін маңызды жобалармен танысты.

Іс сапар Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжі мен жатақхананың жаңа ғимаратының құрылыс нысандарын аралаудан басталды. Оқу орны 1940 жылы құрылған. Ескі ғимарат пайдалануға берілген кезден бері жөндеу көрмегендіктен, оны бұзып, жаңа корпус салу туралы шешім қабылданды. Жаңа ғимаратта заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген оқу шеберханалары, асхана және акт залы болады. Орын саны 1050 студентке дейін артады деп жоспарлануда.

Алматы әкімі құрылыс қарқынын арттыруды, әрлеу және абаттандыру жұмыстарының сапасын қамтамасыз етуді, сондай-ақ ғимаратты заманауи әрі сапалы жиһазбен жабдықтауды тапсырды. Қаланың басшысы түлектерді жұмыспен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөліп, колледж директорына осы бағыттағы жұмысты күшейтуді жүктеді.

Сондай-ақ, Дархан Сатыбалды «Алматы-1» теміржол вокзалы алдындағы алаңдағы скверді жөндеу барысымен және Сейфуллин даңғылы мен Кунгурская көшесі бойындағы іргелес аумақтарды абаттандыру жобаларымен танысты. Қорытынды жұмыстарды осы жылдың тамызына дейін аяқтау жоспарланған.

Жұмыс сапары барысында Алматы әкіміне Осипенко көшесі бойындағы 2,2 гектар жер телімінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жобасы таныстырылды. Жер телімінің бір бөлігі жекеменшікте орналасқан. Қазіргі таңда сатып алу рәсімі жүргізілуде.

Келесі нысан – №6 Оқушылар үйі болды. Бұл жерде 1570 бала қосымша білім алады. 1958 жылы салынған бұл ғимарат күрделі жөндеу мен сейсмикалық нығайтуды қажет етеді. Дархан Сатыбалды реконструкция жобасымен танысты.

«Мен жөндеуге қарсы емеспін, қажет екені көрініп тұр. Біз қолдаймыз. Ең бастысы – барлық жұмыстарды бақылауға алуыңыз керек, себебі бұл ғимарат сәулет ескерткіші», – деп тапсырма берді әкім Оқушылар үйінің директорына.

Қала басшысы танысқан тағы бір жоба – Сауранбаев-Молдағалиев-Толстой-Чернышевский көшелері аралығындағы тозығы жеткен тұрғын үйлерді реновациялау. Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша, енді инвесторлармен келісімшарттар жасалған кезде әлеуметтік инфрақұрылымға түсетін жүктеме есепке алынады.

Дархан Сатыбалды Майборода көшесінде жүргіншілер аймағының құрылысы, Ақан Серы-Сейфуллин-Шолохов көшелері ауданындағы инженерлік желілерді қайта жаңарту және №8 қалалық клиникалық аурухананы реконструкциялау барысымен танысты. Майборода көшесі бойындағы ұзындығы 1,1 км болатын жаяу жүргіншілер аймағы Сейфуллин даңғылынан Байқал көшесіне дейін созылып, жайлы әрі қауіпсіз орта құруды көздейді.

Ақан сері–Сейфуллин–Шолохов көшелері ауданында сумен жабдықтау және су бұру желілерін реконструкциялау және салу көзделіп отыр. Жобаға сәйкес, 18,8 км су құбыры және 27,9 км кәріз желілері салынып, 1200 абонент қамтылмақ.

№8 Қалалық клиникалық аурухананы реконструкциялау бойынша алғашқы кезеңде бұрынғы балалар ауруханасы ғимаратына қабылдау бөлімшесін қосудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Бұл ғимарат ересектерге арналған аурухананың құрамына енеді. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың басында басталады деп күтілуде.

Жұмыс сапарының соңында Дархан Сатыбалды Баум тоғайын абаттандыру және Үлкен Алматы арнасына  (ҮАА) күрделі жөндеу жүргізу жобаларымен танысты. Сол жерде қала әкімі аудан тұрғындарымен кездесу өткізді.

Баум тоғайы – Алматының ең үлкен жасыл аймақтарының бірі. Оны абаттандыру жобасы аясында орындықтар мен қоқыс жәшіктері, жарық шамдары, балалар және воркаут алаңдары орнатылады, ағаштар отырғызылады.

ҮАА-ны күрделі жөндеу жобасы аясында үш жағажай аймағын абаттандыру, жаяу жүргінші және велосипед жолдарын салу көзделген. Сондай-ақ, гидротехникалық құрылыстарды ішінара ауыстыра отырып жөндеу, тіреуіш темірбетон қабырғалар, жаяу жүргінші көпірлері мен қоршауларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін арнаны сумен толтыру туралы келісімге қол жеткізілді.

«Назарды арнаға аударайық. Су жібереміз. Қажет болса, қосымша абаттандыру жүргіземіз. 7-8 жылдан бері құрғақ тұр. Мен Алатау ауданында болдым – ҮАА кей жерлерде қираған, кей жерлерде топырақпен толып қалған. Мұның бәрін тазарту қажет», – деді Алматы әкімі.

Қала басшысы мен аудан тұрғындары арасындағы әңгіме барысында олар Баум тоғайын абаттандыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, тұрғындар бейнебақылау камераларын орнатып, көше жарығын қосу туралы өтініш білдірді. Жауапты қызмет өкілдері тоғай аумағында 100-ден астам камера орнату, сондай-ақ жарықтандыру желілерін тарту жоспарланғанын хабарлады.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Дархан Сатыбалды барлық жобалардың сапалы және уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ тұрғындармен ашық диалогты жалғастырудың маңызын атап өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

10:21

10:10

09:20

22:24

19:08

17:51

17:36

17:27

17:23

17:14

17:00

16:36

16:15

16:07

15:59

15:57

15:48

15:33

15:23

15:15

15:00

14:44

14:33

14:22

13:56