«Жігітім алаяқ болып шықты»:

Aqshamnews.kz

«Жігітім алаяқ болып шықты»:

сүйіктісіне алданғандар өзін қалай қорғай алады?

Алаяқтардан сақтанып жүргенде, жаныңыздағы сүйіктіңіз сізді алдап жүргенін байқамай қалуыңыз мүмкін. Әдетте мұндай адамдар «сүйемін, күйемін» деп сенімге кіріп, кейін «болашағымыз үшін тырысып жүрмін, бірақ қазір көмектесіп жіберші» деген сылтаумен ақша сұрай бастайды. Ал сезімге берілген адам сүйіктісіне көмектесуге асыққанымен, мұның соңы қаржылық шығынға, тіпті сот дауына ұласуы мүмкін. Мұндай жағдайға тап болмас үшін нені ескеру керек? Махаббаттың атын жамылған алаяқтарды қалай танып, олардың арбауына түспеуге болады? Aqshamnews.kz тілшісі бұл мәселені адвокат, психолог және қаржыгермен талқылады.

Махаббаттан басталған таныстық сот дауына ұласқан

Жақында редакциямызға хабарласқан Әсел есімді (өзгертілді — еск.) бойжеткен жігітімен қарым-қатынасы сот дауына ұласқанын айтып берді. Оның айтуынша, шамамен бір жарым жыл бұрын бір жігітпен танысқан. Ол алғашқы күндерден-ақ сезімін білдіріп, үйлену туралы сөз қозғай бастаған. Өзін жақсы табыс табатын, қаржылай жағынан қамтамасыз етілген азамат ретінде көрсеткен. Алайда көп ұзамай жігіттің қаржылай қиындықтары басталған. Ол банк шоттарының ақша айналымы көп болғандықтан уақытша бұғатталғанын, ал қолында қолма-қол ақшасы барын айтып, қыздан қарыз сұраған. Бойжеткен жігітіне сеніп, бірнеше рет ақша берген.

Оның айтуынша, қаражаты шамамен 300 мың теңгеге жеткен.

Кейін жігіт оны қаржы пирамидасына тартуға тырысқан. Алайда бойжеткен мұндай ұсыныстан бірден бас тартқан. Ақырында екеуінің қарым-қатынасы үзіліп, екі жаққа кеткен. Бірақ арада бір жарым жыл өткенде қыз тосын жағдайға тап болған. Оның айтуынша, жақында соттан талап арыз келген. Жігіт қыздың жеке дерегін пайдалынып, біреуден жалға зат алып, кейін қайтармай қойған. Кейін қызға жалға берушіден талап арыз түскен.

«Менің бар байлығым сенікі»: қаржыгер алаяқтықтың алғашқы белгілерін атады

Қаржыгер Ләззат Жанмолдаеваның айтуынша, қарым-қатынаста адамның сенімін пайдаланып, қаржылай пайда көруге тырысу — қыз-келіншектер ғана емес, жалпы әйелдер тап болуы мүмкін мәселелердің бірі.

Маман мұндай адамдарды қарым-қатынастың бастапқы кезеңіндегі әрекеттерінен-ақ байқауға болатынын айтады.

«Қазіргі тілмен айтқанда, бірнеше «red flag» бар. Мәселен, адам таныстықтың алғашқы кезеңінде-ақ ақша туралы сөз қозғап, жалақыңыздың мөлшерін, жинағыңызды немесе қандай мүлкіңіз бар екенін сұрай бастаса, сақ болған жөн».Ләззат Жанмолдаева, қаржыгер

Ләззат Жанмолдаеваның сөзінше, кей адамдар өзінің қаржылай мүмкіндігін асыра көрсетіп, сенімге кіруге тырысады.

Мысалы, «Менің бар байлығым сенікі» деп сендіргенімен, оның айтқандары шындыққа қаншалық сәйкес келетінін анықтау қиын.

Бұған қоса, қаржылай қиындықтарын жасырын ұстау, бір-біріне қайшы мәліметтер айту, ақша беруден бас тартқан жағдайда реніш білдіру немесе кінә сезімін тудыру да күмәнді белгілер болуы мүмкін.

«Көбіне мұндай адамдар сенімге кіруді жақсы меңгерген. Өздерін жақсы жағынан көрсетуге тырысады. Олардың басты шеберлігі де осында. Сондықтан қаржылай шекараны ерте қою керек. Бұл — бірінші қорғаныс. Кішкентай күмән туындаса да, тоқтап, жағдайды бағалау қажет», — дейді Ләззат Жанмолдаева.

«Сен маған сенбейсің бе?»: мұндай қысым қалай әсер етеді?

Психолог Нұрсұлу Сейдакованың айтуынша, қарым-қатынастың алғашқы күндерінен-ақ шамадан тыс көңіл бөлу, ерекше сезім білдіру және үйленуге асығыс уәде беру кей жағдайда манипуляцияның құралына айналуы мүмкін.

Психологияда мұндай әрекеттің бір түрі love bombing, яғни адамды шамадан тыс ықылас пен махаббатқа бөлеу деп аталады.

«Кейбір ер адамдар таныстықтың алғашқы күндерінен-ақ сезімін білдіріп, үйленуге уәде береді. Мұндай әрекеттің психологияда бір ғана түсіндірмесі жоқ. Кейбір адамдар шынымен тез ғашық болып, қарым-қатынасты жылдам дамытқысы келеді. Алайда кей жағдайда болашаққа қатысты зор уәделер екінші адамның сеніміне тез кіру және эмоциялық жақындық қалыптастыру үшін қолданылуы мүмкін».Нұрсұлу Сейдакова, психолог

Маманның түсіндіруінше, мұндай жағдайда адамның сөзі мен ісі сәйкес келе ме, соған назар аудару қажет.

Жігіт берген уәдесін орындай ма? Қыздың пікірін құрметтей ме? Ақша беруден бас тартқанда қалай әрекет етеді?

Нұрсұлу Сейдакованың айтуынша, манипуляцияға бейім адамдар көбіне қарсы тараптың аяушылық сезімін, көмектесуге деген ниетін және кінә сезімін пайдалануы мүмкін.

«Мысалы, «Егер мені жақсы көрсең, көмектесер едің» немесе «Маған сенбейтінің қалай?» деген сөздер арқылы адамды өз шешімінен бас тартуға итермелеуі мүмкін. Асықтыру, өтірік, үнемі ақша сұрау және жеке шекараны құрметтемеу қатар байқалса, сақ болған жөн», — дейді психолог.

Қаржыгер Ләззат Жанмолдаева да осындай қысымға ерекше назар аударуға кеңес береді.

Оның сөзінше, кейде қыз-келіншектер жігітінің көңіліне қарап, өз қаржылай қауіпсіздігін екінші орынға ысырады.

«Әрине, мұндай кезде қарсы тарап «Сен маған сенбейсің бе?» деп психологиялық қысым көрсетуі мүмкін. Алайда соған қарамастан, қомақты қаражат беруден бас тарта білу маңызды», — дейді Ләззат Жанмолдаева.

Қыздар неге жақсы табыс табатын жігітке ақша береді?

Қаржыгер Ләззат Жанмолдаева жігіттің өзін табысты кәсіпкер ретінде таныстырып, артынша қарыз сұрауы ерекше назар аударуды қажет ететінін айтады.

Әсіресе «Шұғыл көмек керек», «Ақшаны инвестицияға саламын», «Бизнес ашқалы жатырмын» деген уәделерге бірден сенбеу керек.

«Егер адам шынымен кәсіп ашып, өз ісін жүргізуге ниетті болса, оның нақты бизнес-жоспары мен қаржылай мүмкіндіктері болуы керек. Сондықтан ақша бермес бұрын тиіс құжаттарды, қаражаттың қандай мақсатқа жұмсалатынын және оны қайтару жоспарын сұраған абзал», — дейді қаржыгер.

Ал психолог Нұрсұлу Сейдакова адамның мұндай өтініштерге келісуін аңғалдықпен ғана түсіндіруге болмайтынын айтады.

Оның сөзінше, адам өзін сүйікті, бағалы және қауіпсіз сезінгісі келеді. Ал болашақ туралы уәделер мен ерекше көңіл бөлу эмоционал байланысты күшейтуі мүмкін.

Кейде жігіт алдымен аз мөлшерде ақша сұрап, кейін өтінішін біртіндеп көбейтеді.

«Алғашында адам шағын өтініштермен жүгінуі мүмкін. Егер олар орындалса, кейін үлкенірек өтініштер жасауға көшеді. Осылайша адамның қаржылай көмектесуге деген қарсылығы біртіндеп төмендеуі ықтимал».Нұрсұлу Сейдакова, психолог

Оның айтуынша, қыз жігітінің қиын жағдайға тап болғанына шын сеніп, көмектесу арқылы қолдау көрсеткісі келуі мүмкін. Ал бұрын қалыптасқан сенімді бірден жоғалтқысы келмеген адам күмәнді әрекеттерді «уақытша қиындық шығар» деп ақтауға бейім болады.

Қаржыгер Ләззат Жанмолдаева да инвестициялық ұсыныстарға эмоциямен емес, нақты есеппен қарауға кеңес береді. Оның айтуынша, адам өзінің бизнес-жоспарын түсіндіре алмаса, қаражаттың қайда жұмсалатынын ашық айтпаса немесе ақша беруге асықтырса, мұндай ұсыныстың тәуекелі жоғары болуы мүмкін.

Мұндай жағдайға тап болған адам өзін қалай қорғай алады?

Редакцияға жүгінген бойжеткен бұрынғы жігітіне шамамен 300 мың теңге бергенін айтты. Мұндай қаражатты заң жүзінде қайтарып алуға бола ма?

Адвокат Эльнура Кишкенебаеваның түсіндіруінше, ақша қарыз ретінде беріліп, оны алған адам қайтаруға міндеттенген болса, қаражатты сот арқылы өндіріп алу мүмкіндігі қарастырылады.

«Ақшаның ерікті түрде берілуі оны міндетті түрде сыйға берді дегенді білдірмейді. Егер тараптар арасында қарыз қатынастары туындап, қарыз алушы ақшаны қайтаруға міндеттенген болса, кредитор заңда белгіленген тәртіппен берешекті өндіріп алуды талап ете алады», — дейді адвокат.

Алайда ақша аударымының түбіртегі оның қарыз ретінде берілгенінің толық дәлелі емес.

Сондықтан сот қаражаттың қандай мақсатпен аударылғанын, тараптардың қандай келісім жасағанын және өзге де дәлелдемелерді бағалайды. Маманның айтуынша, мұндай жағдайда банк түбіртектері, қарыз туралы қолхаттар, WhatsApp желісіндегі хат алмасулар, ақшаны қайтару туралы уәделер және басқа да заңды жолмен алынған материалдар маңызды болуы мүмкін.

«Ақша бермес бұрын қарыздың сомасын, қайтару мерзімін және тараптардың міндеттемелерін жазбаша түрде рәсімдеуге кеңес беремін. Бұл сенімсіздік емес, екі тараптың да құқығын қорғаудың заңды тәсілі», — дейді Эльнура Кишкенебаева.

Қаржыгер Ләззат Жанмолдаева да кез келген қаржылай келісімге қатысты құжаттарды сақтаудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, ақша аударымдарының түбіртектері, хат алмасулар, сөйлесулердің скриншоттары және өзге де құжаттар кейін құқықтық тұрғыдан маңызды дәлел болуы мүмкін.

Бойжеткеннің әңгімесіндегі ең күрделі мәселе — бұрын жалға алынған затқа байланысты сот дауы. Оның айтуынша, зат өз атына рәсімделгенімен, бұрынғы жігіті затты жалға берушіге қайтармаған.

Заңгер Эльнура Кишкенебаева мұндай жағдайда шарт кімнің атына рәсімделгені шешуші мәнге ие болуы мүмкін екенін түсіндіреді.

«Егер зат жалға алу шарты қыздың атына жасалып, ол шарт бойынша жалға алушы ретінде көрсетілсе, онда жабдықты жалға беруші алдындағы міндеттемелер, әдетте, сол шартқа қол қойған тұлғаға жүктеледі. Жабдықты іс жүзінде басқа адамның пайдалануы немесе оны қайтаруға уәде беруі қызды шарттық жауапкершіліктен автомат түрде босатпайды», — дейді заңгер.

Демек, жігіт затты өзі қайтарамын деуі қызды жалға беруші алдындағы міндеттемеден бірден босатпайды.

Алайда заңгер бұрынғы жігіттің де жауапкершілігі мәселесі туындауы мүмкін екенін атап өтті. Егер оның затты алғаны, пайдаланғаны және қайтаруға уәде бергені дәлелденсе, қыз өз құқығын азаматтық тәртіппен қорғау мүмкіндігін қарастыра алады.

Бұл жерде екі мәселені ажырату қажет: қыздың жалға беруші алдындағы шарт міндеттемесі және қыз бен бұрынғы жігітінің өзара келісімі.

Сондықтан нақты құқықтық шешім жалға алу шартының талаптарына, тараптардың келісімдеріне және қолда бар дәлелдемелерге байланысты болады.

Бір жарым жылдан кейін

соттан талап арыз келсе, не істеу керек?

Адвокаттың айтуынша, оқиғадан кейін бір жарым жыл өтуі адамның шарт міндеттемесін автомат түрде тоқтатпайды. Сондықтан соттан талап арыз алған адам оны елемей қоймауы қажет.

Ең алдымен, талап қоюшы қандай міндеттемені орындауды сұрап отырғанын, қандай құжаттар ұсынғанын және сотқа жауап беру мерзімдерін анықтау керек. Кейін жалға алу шарты, жабдықтарды беру және қайтару актілері, төлем құжаттары мен хат алмасулар зерттелуге тиіс.

«Сотқа жазбаша пікір немесе талапқа қарсылық дайындап, өз ұстанымын растайтын дәлелдемелерді ұсыну қажет. Егер бұрынғы жігіттің әрекеттері салдарынан шығын туындаса, заңда көзделген талаптарды қою мүмкіндігін адвокатпен бірге бағалаған жөн», — дейді адвокат.

Эльнура Кишкенебаева бұрынғы жігітті істің мән-жайына байланысты үшінші тұлға ретінде қатыстыру немесе оған дербес талап қою мүмкіндігін қарастыруға болатынын айтады. Дегенмен оның затты қайтаруға берген уәдесін орындамауы өздігінен қылмыс жасалғанын білдірмейді. Мұндай әрекетке құқықтық баға беру үшін нақты мән-жайлар зерттелуі қажет.

«Несие алмаңыз, пәтеріңізді кепілге қоймаңыз»: қаржыгер маңызды ескерту жасады

Ләззат Жанмолдаева бұл тақырыпта маңызды кеңес береді.

Оның айтуынша, тіпті бірге тұрып жатқан жұптың өзі ортақ шот ашуға, бірінің өтінішімен екіншісінің атына несие рәсімдеуге немесе кепілгер болуға асықпағаны жөн.

«Ең бастысы, өз атыңызға басқа адам үшін несие рәсімдеуге, автокөлігіңізді немесе пәтеріңізді кепілге қоюға келіспеңіз. Өйткені көптеген алаяқтық әрекет дәл осындай өтініштерден басталады», — дейді қаржыгер.

Маман қаржыға қатысты шешім қабылдамас бұрын міндеттеменің ықтимал салдарын есептеу қажет екенін айтады.

Мәселен, несие бір адамның атына рәсімделсе, оны іс жүзінде басқа адам пайдаланғанымен, банк алдындағы міндеттемелер шартқа қол қойған тұлғаға жүктелуі мүмкін.

Ал кепілге қойылған мүлік қарыз өтелмеген жағдайда тәуекелге ұшырайды. Қаржыгердің сөзінше, сезім мен қаржылай міндеттемені бөлек қарастыру маңызды.

Алданған жағдайда ақшаны қайтару үшін қайда жүгіну керек?

Ләззат Жанмолдаева алаяқтық белгілері байқалған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес береді. Егер ақша банк арқылы аударылса, мүмкіндігінше тезірек банкке хабарласып, төлемге қатысты қандай шаралар қолдануға болатынын анықтау қажет.

«Егер осындай жағдайға тап болсаңыз, полицияға арыз жазып, банкке хабарласқан дұрыс. Әсіресе аударым жақында жасалса, оны тоқтату немесе қайтару мүмкіндігін анықтау керек. Міндетті түрде заңгермен кеңескен жөн», — дейді қаржыгер.

Дегенмен банк арқылы жасалған аударымды кез келген жағдайда кері қайтаруға кепілдік жоқ. Оның мүмкіндігі төлемнің мәртебесіне, банк рәсімдеріне және нақты жағдайға байланысты.

Маман мұндай кезде жалғыз қалмай, жағдайды жақын адамдарға айту да маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, адамға тек қаржылай және құқық көмегі емес, қолдау да қажет болуы мүмкін.

Психолог: «Алданған қыздарды кінәлауға болмайды»

Психолог Нұрсұлу Сейдакова мұндай жағдайға тап болған әйелдерді кінәлау дұрыс емес екенін айтады.

«Ең алдымен, мұндай жағдайға тап болған қыздарды кінәлауға болмайды. Өйткені ешкім саналы түрде алаяқпен қарым-қатынасқа бармайды. Қыздар жақсы көру, сүйікті болу, сенім арту және болашақта отбасы құру мақсатында жігітпен араласа бастайды», — дейді маман.

Оның сөзінше, егер адам өзінің шынайы ниетін жасырып, екінші тараптың сезімі мен сенімін жеке пайдасына пайдаланса, бұл ауыр психологиялық соққы болуы мүмкін.

Мұндай жағдайда адам тек қарым-қатынасынан емес, ортақ болашаққа байланысты армандары мен жоспарларынан, кейде өзіне деген сенімінен де айырылуы ықтимал.

Көпшілікті «Неге сенді?», «Қалай байқамады?» деген сұрақтар мазалауы мүмкін. Алайда психологтың айтуынша, мұндай көзқарас зардап шеккен адамның жағдайын одан әрі қиындатады.

«Біреудің арбауына сеніп қалу адамның ақымақтығының немесе әлсіздігінің белгісі емес. Сенім білдіру — қалыпты адами қасиет, ал сол сенімді теріс пайдалану — алдаған адамның таңдауы».Нұрсұлу Сейдакова, психолог

Психолог мұндай оқиғадан кейін адамның өзін кінәлауы, өзгелерге сенуден қорқуы немесе қарым-қатынастан қашқақтауы мүмкін екенін түсіндірді.

Сондықтан болған жағдайды мойындап, сенімді жақындарынан қолдау алу, қажет болған жағдайда психологке жүгіну маңызды.

Сонымен қатар, маман бір адамның әрекетіне бола барлық ер адамға сенім жоғалтпауды ұсынады.

«Ешкімге сенбеу емес, өз шекараңды сақтай отырып, саналы түрде сенім білдіруді үйрену керек», — деді психолог.

Мамандардың пікірінше, қарым-қатынаста адамның сүйіктісіне көмектескісі келуі — табиғи нәрсе. Алайда мұндай ниет өзінің қаржылай қауіпсіздігі мен құқықтарын екінші орынға ысыруға себеп болмауы керек.