Полицияның мәліметінше, бүгінде жасөспірімдерді қылмыстық әрекетке тарту көбіне әлеуметтік желілер, мессенджерлер, хабарландыру сайттары және басқа да интернет-платформалар арқылы жүзеге асады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Жазғы демалыс кезінде қосымша табыс іздеген жасөспірімдер алаяқтар мен қылмыстық топтардың оңай олжасына айналуы мүмкін. Олар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жоғары ақы төленетін «жұмыс» ұсынып, балаларды есірткі бизнесіне тартады. Мұндай схемалардың қалай жұмыс істейтіні, оның қауіпті тұстары және ата-аналар нені ескеруі керектігі туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Алматы қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Сұлушаш Досболова және психолог Ғалия Назханова айтып берді.
Полицияның мәліметінше, бүгінде жасөспірімдерді қылмыстық әрекетке тарту көбіне әлеуметтік желілер, мессенджерлер, хабарландыру сайттары және басқа да интернет-платформалар арқылы жүзеге асады. Кәмелетке толмағандарға жоғары жалақы, еркін жұмыс кестесі және жеңіл міндеттер ұсынылып, заңсыз әрекеттер қарапайым курьерлік немесе көмекшілік жұмыс ретінде көрсетіледі.
«Жасөспірімдердің көбі өздерін кәдімгі жұмыс істеп жүрмін деп ойлайды және оның салдары туралы ойлана бермейді. Арбаушылар алдымен сенімге кіру үшін қарым-қатынас құрады, содан кейін ғана адамды біртіндеп қылмыстық схемаға тартады. Жасөспірім нақты немен айналысып жүргенін түсінген кезде, бұл жүйеден шығу өте қиынға соғады», - деп атап өтті Алматы қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Сұлушаш Досболова.
Спикердің айтуынша, кейінгі жылдары құқық қорғау органдары есірткі қылмыстарына тартылған кәмелетке толмағандардың санының артқанын тіркеп отыр. Бұрын жасөспірімдер көбіне тыйым салынған заттарды тұтынушы ретінде анықталса, бүгінде олар есірткі тарату схемаларының тікелей қатысушысына айналған. Алайда олардың көбі ұсталғанға дейін жасаған әрекетінің қаншалықты ауыр қылмыс екенін толық түсіне бермейді.
«Қазақстан Республикасында есірткі қылмыстары үшін қарастырылған жауапкершілік ең қатаң жазалардың бірі саналады. Мұндай қылмыстар бойынша қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Жағдайға байланысты жаза мерзімі 10, 15 жыл немесе одан да көп болуы мүмкін. Мысалы, есірткі жарнамасын граффити түрінде салғаны үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылса, есірткі тасымалдаушысы ретінде жұмыс істегендер 10 жылға дейін сотталуы мүмкін. Сондықтан оңай ақша ұсынатын күмәнді жұмыс ұсыныстарына аса сақтықпен қарау қажет», - деді полиция майоры.
Психолог Ғалия Назханова қылмыскерлердің жасөспірімдердің психологиялық ерекшеліктерін шебер пайдаланатынына назар аударды. Оның айтуынша, бүгінде олар тек әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын емес, интернетке қолжетімділігі бар және ерте жастан өз бетінше өмір сүргісі келетін кез келген жасөспірімді нысанаға алады.
«Қазір есірткі қылмысына арбаушылар тек қиын жағдайдағы жасөспірімдерді іздемейді. Олар қолында смартфоны, интернетке қолжетімділігі және тезірек тәуелсіз болуға ұмтылысы бар қарапайым балаларды таңдайды. Көп жағдайда бәрі есірткіден емес, қосымша жұмыс іздеуден басталады. Жасөспірім мұндай ұсынысқа қылмыскер болғысы келгендіктен емес, оның салдарын толық түсінбегендіктен келіседі», - деп түсіндірді Ғалия Назханова.
Маманның айтуынша, мұндай қауіптің алдын алу ең алдымен отбасынан басталуға тиіс. Ата-аналар баланы қажетті дүниемен қамтамасыз етумен ғана шектелмей, оның өміріне, араласатын достарының ортасына, интернеттегі белсенділігіне және демалыс кезінде қандай жұмыс істегісі келетініне шынайы қызығушылық танытқандары жөн.
Сарапшылардың айтуынша, ата-аналар баласының мінез-құлқындағы күтпеген өзгерістерге назар аударуы керек. Мәселен, жасөспірімнің қайдан алғаны белгісіз ақша немесе қымбат заттардың пайда болуы, бұрынғыдан тұйықталып кетуі, телефондағы хат-хабарларын жиі өшіруі, қайда бара жатқанын айтпай үйден жиі шығуы немесе жаңа достары туралы әңгімелеуден қашқақтауы алаңдауға себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ баланың себепсіз мазасызданып, ашушаң бола бастауы да назардан тыс қалмауы тиіс.
«Жасөспірімдер үшін ата-анасымен сенімді қарым-қатынастың болуы өте маңызды. Егер бала ата-анасынан қорқатын немесе оларға сенбейтін болса, күмәнді жұмыс ұсынысы туралы кеңесті отбасынан емес, оны арбап жүрген адамдардан сұрайды. Сонымен қатар, жасөспірімдерге заңды әрі қауіпсіз жұмыс істеу мүмкіндіктерін көбейту қажет. Егер бала есірткі тұтынуға немесе есірткі қылмысына тартылып қойған жағдайда, оны қалыпты өмірге қайтару үшін кешенді оңалту жұмыстары қажет. Бұл медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмекті, сондай-ақ отбасымен жүргізілетін жұмысты қамтиды», - деді психолог.
Спикерлер жасөспірімдерді есірткі бизнесіне тарту мәселесі мемлекет, қоғам, білім беру ұйымдары мен ата-аналардың бірлескен күш-жігерін талап ететінін атап өтті. Полиция өкілдері алматылықтарды тәжірибе мен арнайы дағдыларды қажет етпейтін, бірақ жоғары табыс уәде ететін күмәнді жұмыс хабарландырулары туралы хабарлауға шақырды.
Есірткі таратуға қатысты күмәнді фактілер жөніндегі ақпаратты ішкі істер органдарының ресми байланыс арналары арқылы, сондай-ақ арнайы @narko_shekteu_almaty_bot Telegram-ботқа жолдауға болады.
Баспасөз конференциясына қатысушылардың айтуынша, осындай әрбір хабарлама қылмыстық схемаларды ұйымдастырушыларды анықтауға және кәмелетке толмағандардың есірткінің заңсыз айналымына тартылуының алдын алуға көмектеседі. Ересектер қауіпті белгілерге дер кезінде назар аударып, жасөспірімдерге табыс табу мен бос уақытты өткізудің қауіпсіз баламаларын ұсына алса, қайғылы жағдайлардың алдын алу мүмкіндігі де соғұрлым жоғары болады.